Энергетикалық сусындардың залалымен күреске енді мұсылмандар діни басқармасы да кірісті. Бұдан былай пәтуа бойынша, адамға тікелей зияны бар деп саналатын, сергектік сусындарды ішуге тыйым салынады. Бірақ аталған сусынның залалы медициналық тұрғыдан дәлелденуі керек. Қазір ағзаға зияны айтарлықтай деп танылған сусындар да жоқ емес. Сондықтан дін өкілдері аталған сусыннан аулақ болу қажет дейді.
Енді энергетикалық сусындарды ішу харам ба? Аталмыш сусынның сан залалы мен зияны туралы медицина мамандары талайдан бері дабыл қағып келеді. Тіпті сергіткіштің қандай ауруларға шалдықтыратынын да жіпке тізген. Ал бұл жолы дауы мен сауалы көп мәселе туралы Қазақстан мұсылман діни басқармасы үн қатып, үкім шығарды.
Энергетикалық сусындар алкогольді және алкогольсіз деп екіге бөлінеді. Оның алғашқысын қолдану мұсылман баласына әуелден болмайды. Екіншісін ішуден де енді бас тарту қажет сыңайлы. Себебі сергіткішті жиі пайдаланудағы сергелдеңге салатын залалдар медицинада біраз нақтыланған. Сондықтан оны тұтынуға тиым салынады. Осылай деп пәтуа берген діни басқарма, иісі мұсылманды аталған сусыннан аулақ болуға шақырады.
Берік Шотабек, Абдусаттар Сманов мешітінің имамы: «Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде сендер өз қолдарыңмен құрдымға ұшырамаңдар дейді. Энергетикалық сусындарды ішу ол адамның денсаулығына зияны қазіргі таңда медициналық тұрғыдан анықталып қойған, одан үзілді-кесілді бас тарту керек. Неге себебі әр адам өз денсаулығына жауапты».
Бір сәт қуат беретін сусынның кері әсері туралы дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан бастап, қаламыздағы жүрек орталығының мамандарына дейін растап отыр. Қалалық ем мекемесінің дәрігері Рахымжан Дүйсенқұловтың айтуынша энергетикалық сусынның салдарынан жастар арасында дендеген дерт толастар емес.
Биылғы жылдың 6 айлық қорытындысы бойынша орталыққа 45 жас азамат энергетикалық сусынның салдарынан ауыр жағдайда түскен. Олардың арасында жан тапсырғандар да бар. Бұл әр түрлі химиялық қоспалардан тұратын өнімнің түрлі ауруларға әкелетіні бір бөлек, ал жүрек ағзасына байланысты тудыратын сырқаттарының өзі ерек болып тұр. Себебі энергия береді дейтін сусын, сол энергияны сіздің өз ағзаңыздағы қуат көзінен алады, былайша айтқанда ұрлайды екен. Яғни, мұнда қалыпты зат алмасу процесі бұзылып, жүрекке жүктеме түседі. Сол себептен сергіткішті жиі ішпек түгілі, жалпы ішуге болмайды деген дәрігер азаматтарға емес билікке үндеу жолдайды.
Рахымжан Дүйсенқұлов, Шымкент жүрек орталығының жан сақтау бөлімнің меңгерушісі: «Жастардың арасында соңғы 2-3 жылда ауру белең алып жатыр. Өте көп науқас түсіп жатыр бізге. Статистикалық тұрғыдан айтқанда екі есе үш есе жастардың арасында энергетикалық сусындарды пайдалану нәтижесінде ауру көбейген. Үкіметте болсын, парламент отырысында болсын осы мәселе қаралып, жалпы тиым салса екен деймін».
Мамандар сергектік сусынды жасөспірімдер мүлдем ішпеуі керек дейді. Себебі жас баланың ағзасы толық қалыптаспағаннан соң сырқатқа лезде жол береді. Тіпті арты асқынып кетуі мүмкін екен. Бұл ретте қалалық ата-аналар балаларды қадағалау мүмкін емес, оны ауыздықтауға заң шықса екен, не энергетикалық сусынға шектеу қойылсын дейді.
Тұрғын: «Соны неге шығарады өкімет? Өкімет шығармасын! Басында анау министрлер, басшылар отыр ғой. Не істеп отыр олар?»
Тұрғын: «Ол халықты өлтіретін нәрсе негізі. Соны біліп тұрып, ішеді ғой. Ішпе дегенге көнбейді».
Еліміздегі қуаттайтын сулардың сыртындағы халал деген таңбаның ешбірін Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы басып бермеген. Бұл туралы діни басқарманың өкілі мәлімдеді.