Жындыханадан жүкті болып шықты…

34
фото kz.otyrar.kz

Түркістан облысында психикалық ауытқуы бар науқастар мекеме ішінде зорланған. Мұндай сұмдықты қорландым деген екі бойжеткеннің анасы мәлімдеді. Кәмелет жасына толмаған олардың бірі тіпті ауруханадан емделіп емес, жүкті болып шыққан дейді.

Осыған қарамастан науқастарға азғындық жасады деген орталық қызметкерлері әлі күнге дейін жауапқа тартылмапты. Ал, жергілікті полицейлер үш айдан бері қол қусырып отыр дейді дәрменсіз қыздардың ата-анасы.

фото kz.otyrar.kz

Бет-жүзін көрсетуді қаламаған бұл келіншек психикалық ауытқушылығы бар бойжеткеннің анасы. 17 жастағы қызына үш жыл бұрын шизофрения диагнозы қойылып, содан бері психикалық денсаулық орталығында жатады. Алайда, облыстық мекемеге емдеуге жіберген қызым қорланып келді дейді. Зорлықтың қашан басталғаны белгісіз. Белгілісі науқастың бойына бала біткенін анасы екі ай өткенде біліпті.

«УДЗ-ге апардым. Сол кезде 10 апта 4 күн деп берді. Бір емес екі рет түсірдік. Сол кезде білдік екі жарым айлық екенін. Қызым айтты тергеуде. Темір кереуетке, теледидар бөлмесінде, камерасы жоқ жерде аяқ-қолын темір кереуетке байлап, тартып, ұйықтататын аминазин деген уколды салып тұрып, екі санитар істеген екен. Камерасы жоқ жерде баспалдақта істеген екен. Тағы шатырға шығарып істеген екен. Төбені жинайды деп шығарады екен» дейді жәбірленушінің анасы.

Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығында жатып қызметкерлерге қорландым деген тағы бір бойжеткен бар. 21 жастағы науқас болған жайды бірден жақындарына мәлімдеген. Жәбірленушіден анализ де алыныпты. Алайда, арызды бірден қабылдамаған құзырлы орган өкілдері үш айдан бері қол қусырып отыр дейді зорлық көрдім деген қыздың анасы.

«Осы екі санитардың үстінен арызданғанбыз. Қылмыстық іс қозғалып, ешқандай әрекет істеп жатқан жоқ. Мен бармаған жерім қалмады. Жазуындай жазып жатырмын. Камераны да бізге көрсетпеді ғой. Одан кейін амал жоқ адвокат жалдадым. Адвокатпен барып, камераны алдық. Бірақ оны көруге маған мүмкіндік бермеді. Мүмкін арасында өздері тазалап өшіріп тастаған шығар. Не тергеуші көрсетпейді» дейді жәбірленушінің анасы.

Түркістан облысының психикалық денсаулық орталығы аталған жайт бойынша пікір білдіруден бас тартты. Ал, арызды бірнеше айдан кейін қабылдады деген полицейлер әлі күнге дейін сараптама жүргізіліп жатқанын жеткізді.

«Аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар өткізілуде. Нәтижесі бойынша процесуалды шешім қабылданатын болады» дейді ӘлФараби ауданы полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Батыр Мырзагелдиев.

Жындыханада зорландым деген екі науқас та қазір үйінде. Кәмелет жасына толмай жүкті болып шыққан біреуі жүйкесі жұқарып, жасанды түсік жасатыпты. Ата-аналары енді қайтара психикалық денсаулық орталығына жібермейміз деп отыр.

Назерке Үкібасова