110 млн теңге: Пара дәметкен судьяға қатысты тергеу аяқталды

21

Пара дәметкен шымкенттік судьяның үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу аяқталды. Антикордың мәліметінше, ол үкім шығарған кезде жазасын жеңілдету үшін сотталушының жұбайын 110 млн теңге пара беруге итермелеген көрінеді. Аталған қылмыстық іс бойынша басқа да күдіктілер бар.

Данияр Бигайдаров, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі: «Агенттік Шымкент қ. Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясына және басқа да адамдарға қатысты тергеуді аяқтады. Олар алаяқтық жасағандары және үкім шығарған кезде жазасын жеңілдету үшін сотталушының жұбайын 110 млн теңге мөлшерінде пара беруге итермеледі деп айыпталуда. Бас прокуратура ағымдағы жылы 5 желтоқсанда қылмыстық істі сотқа жолдады»

Әлеуметтік желілердегі ақпаратқа сүйенсек, айып тағылып отырған судья өткен жылы 5 адамның өмірін жалмаған қоғамдық көлік апаты бойынша қылмыстық істі қараған екен. Ол автобус жүргізушісіне 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған еді.