6 миллион теңге болатын аккумуляторларды ұрлаған күдіктілер ұсталды

25
фото ТОПД
Түркістан облысының полицейлері жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында ұялы байланыс операторларының станцияларынан аккумулятор ұрлады деген күдікке ілінген адамдар тобын анықтады.
Жедел уәкілдер үш күдіктіні, яғни Түркістан облысының тұрғындарын ұстады. Ұрланған затты сатып алушылар да анықталды. Аталмыш жас жігіттердің аккумулятор ұрлаудың 10 фактісіне қатысы бар болып шықты. Келтірілген шығын көлемі 6 миллион теңгеден асады.
Мәселен күдіктілер Қазығұрт ауданындағы ұялы оператор станциясының трансформаторынан 8 аккумуляторды ұрлап әкетіп, бөтеннің мүлкін сатып жіберген. Тәртіп сақшылары тінту кезінде айғақты зат ретінде 30-ға жуық аккумуляторды тәркіледі.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде және күдіктілердің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.