Ахысқа түріктерінің Қазақстанға қоныстанғанына 80 жыл

5

Шымкентте ахысқа түріктерінің Қазақстанға қоныстануының 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл маңызды мерейтой еліміздегі этносаралық келісім мен бейбітшілікті нығайтуға бағытталған шаралардың біріне айналды. Мерекелік жиында қоғамда белсенді қызмет атқарып жүрген бірқатар азаматтар арнайы марапаттарға ие болды.

Ахысқа түріктерінің Қазақстанға қоныстанғанына 80 жыл! Айтулы датаға орай қаламызда мерекелік іс-шара өтті. Еліміздегі этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған іс-шараның мақсаты – ескі дәстүрлерді жаңғырта отырып, әр азаматты ұлтын, Отанын сүюге баулу дейді ұйымдастырушылар.

Оразбай Камалов, Абай ауданы Түрік этномәдени орталығының басшысы: «Келгенімізге 80 жыл болды. Қазақ халқымен бірге осы жерде тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Біздің мәдени орталықтың бүгінгі таңдағы негізгі мақсаты – ата-бабамыздың әдет-ғұрпын, дәстүрін жастардың бойына сіңіру. Сондай-ақ, біз Қазақстанда тұрып жатқаннан кейін осы елдің тілін, рәміздерін, Конституциялық заңдылықтарын түгел сақтауымыз керек. Соның негізінде ахысқа түріктерінің мәдени жетістіктерін жұртқа жария етуіміз керек, таныстыруымыз керек».

Жиынға қатысушылар мен қонақтарға арналып, ахысқа түріктерінің ұлттық құндылықтарын насихаттайтын бұйымдар мен дәстүрлі тағамдары ұсынылды.

Зенфира Таирова, «Түрік» этномәдени орталығының мүшесі: «Бұл «Пейнер» деп аталады, мұның 4 түрі бар. Ал бұл «Хинкал», ол да еттен жасалатын тағамымыз. Бұл да келін түсірген кезде, қайын жұрт келген кезде ұсынылатын тағамдардың бірі».

Мерейтойлық іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Дүниежүзілік ахысқа түріктері Одағының президенті Зиятдин Касанов, Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы және басқа да құрметті қонақтар қатысты. 80 жыл ішінде болған естеліктермен бөлісіп, қиын да қызықты кезеңді еске алды.

Марат Әзілханов, ҚХА төрағасының орынбасары: «Бұл тарихи дата тек ахысқа түріктері үшін ғана емес, еліміздің барлық азаматтары үшін маңызды деп санаймын. Бұл барлығымыз үшін үлкен мереке, барлығымыз үшін үлен той. Құтты болсын! Қазақстан халқының этностары арасында ахысқа түріктерінің орны ерекше деп айтуға болады. 80 жыл бойы қазақтың киелі жерінде өмір сүріп, ортақ құндылықтарды бөлісе отырып, тарихымызды бірге жаздық, бірге жазып келе жатырмыз. Осы уақыт ішінде біз барлық қиындықтар мен қуаныштарды бірге бөлісіп, достығымызды күшейте түстік».

Сондай-ақ, ахысқа түріктерінің Қазақстанға қоныстануының 80 жылдығына орай әзірленген бейнеролик жұртшылық назарына ұсынылды. Жиында қаланың бірқатар белсенді азамматтары Қазақстан халқы ассамблеясының алғыс хатымен марапатталды.

Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Қазақ халқы ахысқа түріктерімен түбі бір түркітектес бір ел, бір ағайын, бір бауыр ет. Сол бауырлықтың, сол ағайындықтың, туыстықтың нәтижесінде ахысқа түріктері Қазақстанда өркендеп өсіп, көктей бастады».

Айта кетейік, үшінші мегаполисте 7 мыңға жуық Ахысқа түрік этносының өкілдері тұрады. Қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында әрекет ететін «Шымкент қалалық «Ахысқа» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі қашанда ел игілігіне бағытталған бастамаларға атсалысып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат аясында жемісті жұмыс істеп келеді