Баспана алуға арналған «Наурыз» бағдарламасына алғашқы жарна азаяды. Енді қазақстандықтар 10 пайыз жарна құйып баспанаға қол жеткізе алады. Алайда, депозиттегі шектік сома енді 1 млн емес, кемінде 2 млн теңге болуы шарт. Бұдан бөлек, Шымкенттегі «Жастар» бағдарламасында да өзгерістер бар.
Баспана алуға алғашқы жарна азайды. Қазақстандықтар «Наурыз» бағдарламасы арқылы тұрғын үйге енді бұрынғыдай 20 емес, тек 10 пайыз алғашқы жарна құйып, қол жеткізе алады.
Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы: «Көптеген сатып алушылар тұрғын үйді дайын күйде алуды қалайды, өйткені жөндеу жұмыстарына шығын көбейіп кетеді. Сондықтан, банк тұрғын үй компанияларының ассоцациясы мен бірқатар кездесулер өткізді. Олар порталға пәтерлерді дайын күйінде қояды. Ал сатып алушылар порталдағы пәтерді 10 пайызды салу арқылы алуға келісім береді. Бұл 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізіледі. Екінші мәселе — бағдарламаға қатысу үшін салымшыда депозитте тек 1 млн теңге болуы шарт еді. Конкурсты жеңген салымшы аз уақыт ішінде пәтердің 20 пайызын салуы тиіс. Қазіргі жағдай бойынша 2500-нан астам өтініштің 39 пайызында ғана 20% құрайтын жарна бар».
«Наурыз» бағдарламасына тиесілі өзгеріс бұл ғана емес. Депозиттегі шектік сомаға да өзгеріс енгізілді. Азайған жоқ, көбейді. Енді бұрынғыдай үй алу үшін депозитіңізде кемінде 1 млн емес, 2 млн теңге қаражатыңыз болу керек. Басқарма төрайымы бағдарламаны жүзеге асыру үшін келер жылы бюджеттен 8 млрд 180 млн теңге қаржы бөлуді және оны тездетуді ұсынды.
Шымкент қаласындағы үй беру бағдарламаларында да өзгеріс жоқ емес. Мәселен, енді «Жастар» бағдарламасы аясында берілетін 900 пәтердің 60 пайызы отбасылы жандарға, ал қалған 40 пайызы бойдақ азаматтарға беріледі. Сәйкесінше, олардың өтінім бергенде жинақтайтын балл мөлшерінде де айырмашылық болады.
Азат Исламов, Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының басшысы: «Биылдан бастап 60 пайызы отбасылы азаматтарға, 40 пайызы жалғызбасты бойдақ азаматтарға берілетін болады. Ол дегеніміз жалпы 900 пәтердің 540 пәтері отбасылы азаматтарға, 360 -ы бойдақ азаматтарға берілетін болады».
Айта кетейік, жұмысшы жандарға арналған сатып алу құқығынсыз берілетін 900 пәтерге 27-29 қараша күндері өтінімдер қабылданды. Тұрғын үй басқармасы басшысының сөзінше, 3846 өтінім қабылданған. Жеңімпаздарға баспана Асар, Шымсити, Тұран шағынаудандарынан беріледі.