Беташар ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енгізілді. Бұл туралы мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өзінің желідегі парақшасында хабарлады.
Мұндай шешім Парагвай астанасы Асунсьонда өткен ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау комитетінің отырысында қабылданған. «Қазақтың ежелгі салттарының бірі Беташар Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне енгізілді», — деп жазды Ерлан Қарин.
Беташар — қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрі. Шаңыраққа келін түскенде, басына ақ орамал салып, көпшілікке сәлем салдырады. Бұл бір жағынан келінге әулетті таныстыру болып табылады.