Балаңызға киім мен ойыншық аларда сақ болыңыз! Себебі санитар дәрігерлер бүлдіршіндер мен жасөспірімдерге арналған тауарлардан кемшіліктер анықтаған. Мәселен, шымкенттік сала мамандары тексерілген 9 ойыншықтың жартысынан көбіне талапқа сай емес деген анықтама берді.
Балаңызға киім аларда мұқият болыңыз. СЭС мамандары бүлдіршіндер мен жасөспірімдерге арналған киім мен аяқ киімнің 485 үлгісіне сынама жүргізіп, 358-інен кемшіліктерді анықтаған. Тексерілген нұсқалардың 7 пайыздан астамы физикалық-гигиеналық талаптарға сай келмеген.
ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметі
«Кеден одағының «Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімнің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің талаптарына сәйкес келмейтін 358 үлгі анықталды. Оның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өнімі – 65, басқа елдердің өнімі – 293. Бұзушылықтардың 92,7% таңбалау ережелерін сақтамау болса, 7,3% физикалық-гигиеналық көрсеткіштер бойынша талаптарға сәйкес келмеу»
Ал Шымкент қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары жыл басынан бері тоғыз балалар ойыншығына сынама жүргізген. Оның алтауы талапқа сай болмай шыққан.
Алдаркүл Ахметов, Шымкент қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары: «Балалар киімінен 7 үлгі зерттелді. Оның 2-уі таңбалау көрсеткіші бойынша талапқа сай келмеген. Таңбасы мемлекеттік тілде болмаған. Және 9 ойыншық зерттелді. Оның 6-уынан таңбалануы бойынша сәйкессіздік анықталды»
Көріп отырғандарыңыздай, елдегі балаларға арналған тауарлар арасында талапқа сай келмейтіндері де бар. Ал, мегаполис жұртшылығы баласына киімді қалай таңдайды? Шымкенттіктер бағаға мән бере ме, әлде сапаға ма?
— Сапасына, бірінші сапасына мән бересің ғой
— Енді бағасына ғой. Сапасын білмеймін енді
— Сапасына мән беремін
Айта кетейік, сіз қандай да бір тауарды сатып алар алдын оның қауіпсіздігін растайтын тауарға ілеспе құжаттаманы сұрауға құқыңыз бар. Ал ол сертификатты көрсету — сатушының міндеті.