Дендросаябақ аумағы 2,6 гектарға қысқарған

26

Шымкенттің өкпесі аталып кеткен дендрологиялық саябақта жасыл желек қоры ұлғайған. Ал қалада 91 орынға көпжылдық раушан гүлдері отырғызылды. Ал үшінші мегаполис символына айналған қызғалдақтың жаңа тұқымдары Голландиядан әкелінген. Биыл шаһарда 1 млн 300 мыңға жуық қызғалдақ тұқымы егіліпті. Қаладағы жайлы ортаны дамыту бағытында тағы қандай жұмыстар атқарылып жатыр? 

Дендросаябақтың аумағы 2,6 гектарға кеміген. Құрылған кезде 120 гектар жерді алып жататын дендрологиялық бақ аумағы қазір 117,4 гектарды құрайды. Бұл туралы қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы мәлімдеді. Сөзінше, бүгінде саябақта жасыл желек қоры ұлғайған. «Қызыл кітапқа» енген, сирек кездесетін өсімдіктер көптеп отырғызыла бастаған. Қазіргі таңда Шымкенттің өкпесі атанып кеткен демалыс аймағында 74 560 түп ағаш пен 4 615 түп бұта бар.

Әбілқайыр Оңғар, Шымкент қ. жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы: «Дендросаябақтың аумағы 120 гектар болған. 1979 жылы құрылған кезде жалпы дендропарктің аумағы 120 гектар болған. Қазіргі таңда 117,4 гектарды құрайды. Ағаштардың қурауына, ішіндегі суару жүйесінің істен шығуына, көл аумағының суының азайып кетуіне байланысты бірнеше жылдар бойы өте үлкен наразылықтар болды. Осы мәселенің шешімін таптық. 2023 жылы дендросаябаққа келетін БМК каналының құрылыс жұмыстары аяқталып, дендросаябақ аумағына қайта су бердік. Дендросаябақты 17 секторға бөліп, толыққанды суарудың ескі жүйесін қайта іске қостық».

Қалада 91 орынға көпжылдық раушан гүлдері отырғызылды. Күз айларында 1 млн 300 мыңға жуық қызғалдақ егіліпті. Биыл форматты өзгертіп, 17 сантиметрлік қызғалдақ тұқымдарын Голландиядан алғыздық дейді басқарма басшысы. Ал 300 мың дана тұқым өткен жылдан қалған.

Әбілқайыр Оңғар, Шымкент қ. жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы: «2024 жылы күз айларында біз қала аумағына қызғалдақ көшеттерін ектік. Жалпы былтырғы жылмен салыстырғанда 33 пайызға артық егілді. Енді бізге осы уақытқа дейін биіктігі 10-12 см болатын қызғалдақ егілген болса, биылғы жылы біз форматты басқа деңгейге ұлғайтып, қызғалдақтардың деңгей 16-17 см болатын қызғалдақ тұқымдарын Голландиядан алдырып, биылғы жылы ектік. Данасыме найтатын болсақ 1 млн 300 мыңға жуық ектік. Оның 300 мыңы былтырғыдан қалған тұқымдар болса, жаңасы 1 млн дана. Әр шаршы метріне 30 бен 40 арасында кетеді орналасуына байланысты және ашықтығына байланысты».

Ал қаладағы орман тұқымбағында 17 түрден 713 мың түп ағаш-бұта көшеті өсіріліп жатыр. Биыл 127 млн теңге көлемінде қаржы бөлініп, орман тұқымбағын дамыту үшін гравий жолдар, су және тамшылатып суару жүйесі мен бейнебақылау орнату жұмыстары жүргізілуде дейді жауаптылар.