Қазақ әдебиетіне айырықша леп алып келген ақын Ханбибі Есенқарақызының шығармашылығы ертеректе әдебиеттің алтын ғасырында-ақ бағаланып қойған екен. Әбіш Кекілбаев, Төлеген Айбергенов сынды біртуар тұлғалар шығармашыл жанды тың ақындық қыры мен қабілеті үшін жоғары бағаласа, Фариза Оңғарсыновадай бірегей қаламгер өнерпазды Хан қызындай дараға балаған, қолдаған. Ал қазақтың батыр ғана емес кемеңгер тұлғасы Бауыржан Момышұлы Ханбибінің келешегінен зор үміт күтіп, өз батасын берген.
Кешегі Хан қызы, бүгінгі Хан апа 75 жасқа келсе де қаламым зейнетке шыққан жоқ дейді. Ол осы уақытқа дейін мәдени майданда арпалысып, 70 тен аса кітап жазған. Және мерейтойында тағы бір кітабы мен аударма еңбегі жарық көрді. Осы кітаптар жиынтығы Хан қызындай Ханбибі мерейтойында көрмеге қойылып, шығармашылық кешке келген жандарға көрсетілді. Өз кезегінде ақынның қазынасына құмар болған жандар, қаз-қатар кітаптарға қызыға ұмтылып жатты.
Ханбибі Есенқарақызы, ақын, «Барыс» және «Парасат» ордендерінің, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері: «Ақынның міндеті өлең жазу, шыққан өлеңін кітап етіп, көпшілікке тарату. Ақындардың кітабы халықпен арадағы алтын көпір ғой. Сондықтан 75 жасқа алып келген, сыйым осы деп ойлаймын».
Ханбибі Есенқарақызы әдебиетке толығымен берілген жан. Алып ақын прозада онымен қоса публицистикада да қалам тербеген. Тіпті әдебиет ұлт пен ұлыстың емес әлемнің бөлшегі деп аударма жасау ісінен де кенде қалмаған. Эссе жазған шағында өз заманының ұлы тұлғаларын зерттеп, зерделеп, біршама маңызды мағлұматтарды мұраға қалдырған. Ақынның осындай сан қилы еңбегі үшін шығармашылық кеште алғаш құттықтау сөзін сөйлеген қала әкімі, Ханбибі Есенқарақызының жан-жақты жанқиярлық шығармашылығын ерекше атап өтіп, мәдениет майталманын мерейтоймен құттықтады.
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Құрметті Ханбибі Есенқарақызы сізді бүгінгі мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Халықтың ыстық ықыласына бөленіп, қаламыңыз мұқалмай, шабытты шығармаларыңыз жалғаса берсін. Әрдайым деніңізге саулық, ұзақ та мәнді ғұмыр тілеймін».
Хан қызындай Ханбибі деп ардақтап, мерейтойға жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Кешке алды зиялы қауым өкілдері бастап, шенділер қостап, өнер иесінің шығармашылығына бойлаған жастар және қатысты. Торқалы тойдың тізгінін Қазақ әдебиеті мен журналистикасындағы көрнекті тұлға Бауыржан Жақып ұстады. Ол әдебиет адамының еткен еселі еңбектеріне ерекше тоқталып, мұрағаттан маңызды мұра жинақтағаны бүгінде мақтаныш екенін айтты. Сондай-ақ аталмыш шараның құндылығын тарқатып, мерейтой иесінің шығармашылығын жандандыруға сеп болатын игі іс екенін атап өтті.
Бауыржан Жақып, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары: «Өзбекәлі Жәнібеков атындағы педагогикалық университетте үлкен халықаралық ғылыми конференция өтіп, Ханбибі апамыздың қазақ ғылымына сіңірген еңбегін парықтап, бағалап, безбендеп, баға берілді. Сол университеттің өзін ақын 1972 жылы бітірген болатын. Енді университеттің құрметті профессор атағы берілді».
Хан апа өзінен бұрын әрқашан өнерді жоғары қойған. Оған «Нурикамал» әнінің шығу тарихы дәлел. Одан бөлек ақын, қазақ әндерінің мәңгілік әуеніне айналған бірталай әндердің сөзін жазған. Оның үзеңгілестері мен ізін жалғаушы қаламгерлер Хан апаны тілдің өте үлкен құрал екенін өнерімен дәлелдеген жан деп тағы таниды. Мерейтой иесінің мәдени мұрасы жанданып, жаңғырған кеште өзі өлеңін өрнектеген әуелеген саздар шырқалды. Бұл елтіген жұртты елжіретпей қоймады.
Татьяна Бурмистрова, әнші, термеші: «Өлеңдерін оқыған адам, еріксіз ғашық болады ол кісіге. Сондықтан оның осындай үлкен елде думан тойы өтіп жатқанына мен өте қуаныштымын. Ғұмыры ұзақ болсын. Санаулы ғой, бізде бәрі, кетіп бара жатыр ғой. Ең болмаса өзінің мына мінезімен ысқырып бергенде есімізді жиып қалатын жағдайлар бар. Бәрі де орынды. Сондықтан той тойға ұлассын!».
Алаш ардақтыларының қазынасын қорғаштауда Ханбибі Есенқарақызы сүбелі үлес қосқан. Ұлтқа мінезімен қызмет еткен жан «Ақжол» газетінің 25 томдығын мұрағаттан ақтарып, әзірлеген. Сондай-ақ Шолпан журналының барлық санын жинақтап, кітап етіп басып шығарған. Осы игілікті істің арқасында бүгінде кешегі тарихты тұпнұсқадан оқу мүмкіндігі туып отыр. Осыны айырықшалап атап өтіп, шенділер атынан сөз сөйлеген сенат депутаты Айгүл Қапбарова шараның берері зор екенін айтады.
Айгүл Қапбарова, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты: «Жәй ғана той тойлау емес, бұл яғни руханиятқа қосқан сүбелі үлес. Ақынның тойы арқылы мәселен, әртүрлі таланттар жыр мүшәйрасында өздерінің талантын ашып жатыр. Және көрерменге, оқырманға ой сыйлап жатыр. Өзінің нәзік әлемі бар, ақын. Және қайсар, бүгінгі күнде өзінің сөзін айта алатын ақын».
Ханбибінің биігін жырлауға республика бойынша біраз өтінімдер беріп, жыр жолданған. Оның салған сара жолымен келе жатқан кейінгі ақындар буыны Хан апаның шығармашылығындағы азаматтық позициясына тәнті болады. Сондай-ақ қазақ әдебиетіндегі әйелдер поэзиясында Фариза мен Ақұштаптан кейінгі дара тұлға ретінде санайды. Себебі ақынның өлеңдеріне тегіс қазақ қана емес, түркі жұрттары да құштарлық танытады. Халықаралық реңк алған Ханбибі шығармашылығы бірқатар түркі тілдеріне аударылған.
Маржан Ершу, ақын: «Бүгінгі шығып отырған 75 белесіне үлкен жетістіктермен келіп отыр, көптеген шығармалары аңызға айналып кетті ол кісінің. Оның жалғыз поэзияда ғана емес, проза саласында да, публицистика саласында және мынау әндерге сөз жазу танымал-танымал әндері бар. Сондықтан халықтың жүрегінен орын алған ақын. Бақытты ақын деп ойлаймын».
Шымкент қаласы мәслихатының атынан құттықтау сөзін сөйлеген Бахадыр Нарымбетов көпшілік қауымға Хан апаның әділдікті ту етіп, әрдайым үлгілі істің үдесінен шығатынын айтты. Ол ақынның шығармашылық кешінде «сіз бүгін гүл болып отырсыз ғой, бірақ мінезіңіз гүл емес» деп әзілдеп, қалжыңның артын тұлғаның мінез танытып, ірі істерді атқарғанымен жалғады.
Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы: «Талай тағдырларда көптеген әділеттіліктің орнына келгеніне Ханбибі апамыздың үлесі өте үлкен. Мәулен Байзақовтың қызы ол кезде апа зейнетке шыққан. Сол кісі жылап, сұрап келді. Оның кезінде енді құйтырқы саясаттың кесірінен ұлтын өзгертіп жіберген. Мен қазақ боп туылдым, қазақ болып өлгім келеді деп сөйледі. Сол кезде де Хан апа септесіп, ұлтын өзгертуге көмектескен. Онан соң осы Ханбибіге рахмет деп, музейге рахмет, Шымкентке рахмет, менің әкемнің рухын көтерді деп алғысын жаудырды».
Ханбибі күллі Алаштың жүрегіне есімін жазған санаулы ақын. Әдебиет сарапшылары осылай деп баға береді. Сондай-ақ мерейтойға арнайы келген ақын-жазушылар қауымы тұғыры биік тұлғаның шарасы осылай аталып жатқанына дән риза. Бір топ зиялылар өз тілектерімен қоса, Хан апа шығармашылығының отбасы құндылығындағы рөлін ерекше айтып өтті. Кешегі Шымкентте қойылған «Сендегі мені өшірме» поэтикалық толғауы соның бір пұшпағы ғана. Әлі майталманның бұл бағыттағы мұрасын жаңғырту жалғасса екен деген тілек айтылды.
Ғалым Жайлыбай, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты: «Ханбибінің алғашқы өлеңдерінен бастап, біз оқып өстік, одан кейінгі кезде ол кісінің Алаш қайраткерлері, қуғын-сүргін құрбандарын зерттеп, оған бірнеше кітап арнауы осының бәрі оның тұлғалық қасиетін, қайраткерлік қасиетін айтады. Ел, жұртқа түсіндіреді. Сондықтан бүгінгі мейрам, ең бірінші өлеңнің мейрамы, қазақтың бір биікке жеткен қызының мейрамы».
Шымкенттік өлең сүйер қауым Алаштың ақыны атанған Хан қызындай Ханбибінің тойы біз үшін қос мереке дейді. Себебі алып ақынның оңтүстік топырағынан түлеп шығуы, жерлес болуы олар үшін зор мақтаныш. Шараға жиналған жандар ақынға қатысты бірпара естеліктерімен бөлісіп, арқа-жарқа болды.
Дария Қожамжарова, профессор, М. Әуезов атындағы ОҚУ «Шыршық» филиалының басшысы: «Енді бұл кісі өте бір аңғал. Және сенгіш. Жүрегі жұмсақ, сондай кісі. Бір күні М.Әуезов атындағы университетте жұмыс жасап жүрген кезеңде ол кісіні кездесуге шақырдым. Сөйтсем ол кісі кездесудің, мәнін, тақырыбын бәрін жаттап алған да бірақ кездесуге 1 күн бұрын ерте келген ғой. Осындай бір өзіне жарасымды, ақындық тұлғасы бар екендігін айтып өткім келеді».
Хан апамен дос болып, сырласқандар оны өнер адамы ғана емес нағыз азамат деп те таниды. Оның жасаған жақсылықтарын тізіп айту тіптен мүмкін емес, қайсібірін санайсың дейді. Ең бастысы ақын адам халқына жақын болған екен.
Перизат Митанова, Ханбибі Есенқарақызының досы: «Тек қана ақын емес, қанша еңбек жасады Шымкент өңіріне. Музейді жасады, филармонияның бастығы болды. Қанша қайырымдылық қорды басқарып, кезінде менің есімде бар анау қуғын-сүргіндерге музейді ашқанда, сол кісілердің ұрпақтарын жинап жылда ас беретін».
Қазақ поэзиясына өлшеусіз үлес қосқан Алаштың қабырғалы ақыны Ханбибі Есенқарақызының мерейтойы Шымкент және Түркістан облысында кең көлемде тойланды. Шара барысында шығармашыл жанның «Көктеммен қоштаспаған жан» және «Еске алсам көңілім жадырар» еңбектері жарық көрді.