Жаңа піскен жеміс-жидектердің адам ағзасына қаншалықты пайдалы екендігі бәрімізге белгілі. Дегенмен, піскен жеміс-жидектер тез бұзылатын тағамға жатады. Оларды бұзылудан негізінен екі жолмен қорғауға болады: герметикалық ыдыстарда консервілеу және әртүрлі өңдеу әдістері арқылы (кептіру, көп мөлшерде қант қосып қайнату т.б.).
Соның ішінде үй жағдайында консервілеу әдісін қолданған кезде өнімді дайындау технологиясын қатаң сақтау талап етіледі. Консервілеуге ластанбаған, бүлінбеген және бүтіндігі бұзылмаған өнімдер қолданылуы тиіс. Өнімдерді мұқият жуып, дайындау рецептурасын (қышқыл мен тұздың жеткілікті концентрациясы) сақтап, консервілеуге арналған банкілерді термиялық өңдеуден өткізу қажет. Дайын консервілерді пайдаланар алдында 15 минут қайнап тұрған суда жылыту арқылы залалсыздандыруға болады.
Аталған шарттар орындалмаса, бұл консервілердің бұзылуына және тіпті ауыр тағамдық улануға әкелуі мүмкін. Технология сақталмай, ботулизм қоздырғышы консервіге түскен жағдайда, ол сонда көбейіп, өсіп-өніп, ботулотоксин бөлініп шығады. Осы токсин адам ағзасына әсер етеді. Бұл жерде айта кететін мәселе, ауру қоздырғышы бар консервілердің түсі де, иісі де өзгермейді, сондықтан оны ажырату мүмкін емес. Ботулизм ауруы кейбір жағдайда адам өліміне алып келіп жатады.
Осыған сәйкес, басқа елдерден импортталатын, сондай-ақ Қазақстанда дайындалып шығарылған консервіленген жеміс-жидек өнімдері сатылымға түскен кезде тауарға ілеспе құжаттармен және оның қауіпсіздігін растайтын құжаттармен (өнімнің сәйкестігі туралы декларация) қоса жүруі тиіс.
Консервіленген жеміс-жидек өнімдерін сатып аларда таңбалауына назар аударыңыз!
Таңбалауда міндетті түрде: өндірушінің атауы және оның мекенжайы, өнімнің түрі, дайындалған күні мен жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары (температуралық режим) көрсетілуі тиіс.
Сонымен қатар сапасына күмәніңіз болған жағдайда сатушыдан сәйкестігін растайтын құжаттарын көрсетуді талап етіңіз.
Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарға үй консервілерін қоғамдық сауда орындарында, кездейсоқ адамдардан сатып алмауды, қаптаманың бүтіндігі бұзылған және бомбаждың белгілері бар консервілерді тамаққа қолданбауды ұсынады.
А. Ахметов,
Шымкент қ. СЭБД басшы орынбасары