Мектеп бухгалтері 64 млн. теңге қаржыны ойынға тігіп, шетелге демалуға жұмсаған

24

Құмар ойынға ақша салған. Бюджет қаржысын жымқырған №81 мектептің бас есепшісі 8 жылға сотталды. Бұл туралы Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері айтты. Жалпы биыл департаменттің атсалысуымен 100-ден астам қылмыстық іс ашылған.

Шымкентте №81 мектептің бухгалтері 64 млн. теңге қаржы жымқырған. Ол ақшаны ойынға тігіп, одан қалса шетелге демалуға жұмсапты. Бұл туралы сала жауаптылары хабарлады. Есепші жігіт 8 жылға түрмеге тоғытылды. Ол сотта өз кінәсін толық мойындапты. Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері бухгалтер білім беру ұйымы директорының электронды кілтін алып, өз пайдасына жаратып жүргенін айтты.

Дәурен Тұрғынбай, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы: «Өзінің таныстарын, өзінің «мертвые души» дейді, жұмыс істемейтін адамдарды қосу арқылы 2022-2023 жылдар аралығында 64 млн теңгенің қаржысын жымқырған. Бұл азамат ҚК 189-бабы 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айрылды. Тергеу барысында бұл азаматтың ойынға ақша тігетіні анықталды».

Жалпы департаментпен Шымкент қаласындағы 3 тәуекел бағыт белгіленген. Бұл тізімде мемлекеттік-жекеменшік әріптесік, энергетика саласы, білім жүйесі бар. Мамандар қалада контрафакті деңгейінің төмендегенін де атап өтті. Мәселен, тұрмыстық химия тауарларын контрафакті жасаушылардың үстінен арыз түсіп, бір апта көлемінде атқарылған жұмыс нәтижесінде 25,8 млн теңгенің тауары айналымнан алынған.

Дәурен Тұрғынбай, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы: «Көлеңкелі экономика Шымкент қаласында 19,9 пайыздан 18,8 пайызға яғни 1,1 пайызға 2024 жылы түсірдік, бұл біздің кішігірім көрсеткішіміз. Мотор майлары бар, автокөліктің терезесіне шашатын сулар бар, осылардың бәрінің контрафактісімен күресіп жатырмыз біз».

Жалпы жыл басынан бері департаментке бизнес өкілдерінен түрлі бағыттағы 133 арыз келіп түскен. Оның 76 пайызы қанағаттандырылды дейді мамандар. Ал биыл 100-ден астам қылмыстық іс қаралған.