Енді ұрпақ сүйе алмауы мүмкін! Түркістан облысында полицейлер ұрып-соғып, азаптады деген қойшы үш айдан бері әділдік іздеп жүр. Айтуынша, 50 жастағы жігіт ағасын тәртіп сақшылары ешкі ұрлады деген күдікке ілген. «Сөйтіп полиция бөлімшесінде азаптады», — дейді Нұртай Хожанов. Кесірінен денсаулығына зиян келіп, қазір жүріп тұрудың өзі мұңға айналыпты. Оқиға қалай болды? Полицейлер не дейді?
Көз жасына ерік берген Нартай Хожанов Өзбекстаннан атамекенге он жыл бұрын оралған. Содан бері Шардара ауданында қойшы болып жүрген жігіт ағасы қыркүйек айында жазықсыз азапталдым дейді. Айтуынша, полицейлер көрші отардағы сегіз ешкінің жоғалуын дәл осы елу жастағы ер адамнан көрген.
«Мені АПБ-ға алып барды. Жәрменов Нұрланның алдына алып барды. 12 кабинетке кірдім. Кірген жерден әй-шай жоқ мені ұра бастады олар. Сөйтіп ұрып, аузыма скотч орап, мені ол жерде қорлады. 8 ешкіні сен ұрлағансың дейді. Аузынан олардың арақтың иісі шығып тұр. Аспабымнан бұрап, басымды дуалға ұрып, сол жерде мені үш жігіт болып ұрды ғой»,- дейді Нартай Хожанов.
Түркістан облысының тұрғыны өзін азаптады деген полицейлер кешірім сұрап келгенін де айтады. Тіпті көп ұзамай қолды болған ешкіні өзге адамдардың ұрлағаны анықталыпты. Алайда, кешірім сұрауға кеш еді дейді Нартай Хожанов. Өйткені қойшының денсаулығына зиян келіп, дәрігерлер енді оның балалы болуы екіталай деген диагноз қойған.
«Бұл кісі мойындамағандықтан басына пакет кигізіп және аузына скотч жабыстырып, жыныс мүшесінен тұқымымен қоса екі рет бұрап, қазіргі таңда жарамсыз күйге түсіріп отыр. Оған дәлел медицина сараптамасы» дейді жәбірленушінің заңды өкілінің көмекшісі.
Осыдан кейін қойшы Түркістан облысының прокуратурасынан бастап, Шардара аудандық прокуратурасына да арыз жазған. Алайда, дәлелі жоқ деген себеппен үш ай бойы шағым қабылданбады дейді. Тек заңгерлер араласуынан соң желтоқсан айында бір-ақ іс қозғалыпты. Қадағалаушы орган қылмыстық істің қозғалғанын растады.
«Түркістан облысы ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасымен Хожановтын арызы негізінде Шардара АПБ-нін қызметкерлеріне қатысты КР КК-нін 362-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс тіркелген. Қазіргі таңда қылмыстық істің тергеу барысы бақылауға алынып,(облыс прокуратурасының) нұсқауына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жургізілуде» дейді Түркістан облысының прокуратурасы.
Жәбірленуші тарап істің тек билікті асыра пайдалану бабы емес, азаптау және адам ұрлау баптарымен де қозғалуын талап етеді. Алайда әзірге бұл арыз назарға алынбағанын айтады. Айта кетейік, тәртіп сақшылары ұрып-соқты деген Нартай Хожановтың жалғыз қызы мен келіншегі бар.