Қар тазалау жұмыстары қалай жүріп жатыр?

21

Шымкентке биыл қыс мезгілі мінезіне мініп келді. Соңғы күндері қалада қар толассыз жауып, көшелер мен жүргіншілер жолын тазалау үздіксіз жүргізіліп жатыр. Автомобиль жолдары біраз ашылып қалғанымен, жаяу жүргіншілер жолын толықтай тазарту әзірге тиісті деңгейде атқарылар емес дейді тұрғындар. Осы ретте олар бұған көңіл бөлініп, әсіресе жылда қыста жыр болатын тайғақ тақталарды тап-таза етуді сұрап отыр. Жұмыс қалай жүріп жатыр, жүргіншілер тайып жығылатын тайғақ төсемдер қалай тазаланады? 

Шымкентте тағы да толассыз қар жауды. Бұл жолы коммуналдық қызметтегілер қар тазалау бойынша әдіс-тәсілдерін өзгерткен сияқты ма, әлде жылы температура көмектесті ме, таңертеңнен бастап жолдар қардан тазартылды. Соған қарамастан, кейбір тұрғындардың шағымдары бар.  Айтуларынша, қар тазалау жұмыстары барынша жүріп жатқанымен аяқ жолдар назардан тыс қалып қоюда. Мәселен қала көшелеріндегі аяқжолдардағы тақта төсемдері тек аяқ-алысқа ашылып, толықтай тазартылмаған соң, өте тайғақ болып, тұрғындар адымдарын аңдап басып жүр.

Шымкентте жаяу жүргіншілер жолдарының біразына аяқ астына мынадай тақталар төселген. Бұл жаңбыр жауып, қар түскенде өте тайғанақ болады. Тұрғындар қауіпсіз жүру үшін бұл жолды қардан ашып қана қоймай, мына гранит төсемнің бетін инертті материалдар сеуіп, қардан толықтай тазарту қажет.

Қала тұрғыны Мұхаммед Елемесов аяқ жолға тақта төсеуге түбегейлі қарсы. Жыл сайын тұрғындар осындай тайғанақ төсемдерден тайып жығылып келе жатса да, неліктен бұл ескерілмейді деп ашынады. Шаһарда сан жылдан бері тұрып келе жатқан  ақсақал бұған дейін осындай жүргіншілер жолдарында қанша адамның тайып жығылып, жарақат алғанына өз көзіммен куә болдым дейді. Еститін құлақ болса, тротуарға тақта емес, тек асфальт төселсін, сұлулылықтан амандық маңызды дейді қария.

Мұхаммед Елемесов, қала тұрғыны: «Жаяу жүргіншілер жолына тақта емес, асфальт төселу керек. Гранит, кафель төсеген күннің өзінде сараптамадан өтіп барып қана істеу керек екені белгілі ғой. Көріп тұрғандарыңыздай, тайып қалмас үшін әзер басып жүрміз. Тым болмаса тайғанақ болмас үшін, толықтай құрғақ етіп тазалап қойса ғой».

Жауаптылар биыл Шымкентте қар жиі жауып жатқан соң үздіксіз жұмыс жасап жатырмыз дейді. Жаяу жүргіншілер жолдары арнайы кіші тракторлармен тазалануда екен. Ал тайғанақ төсемдерге инертті материалдар себіліп, қардан толықтай құрғағанша аршу-сыпыру жұмыстары жасалады. Қаладағы тақталар төселген аяқ жолдарды барынша тазартып жатырмыз деген басшылық, жоспарда оларды асфальт төсенішіне ауыстыру бар екенін айтады. Осы жылдың басында Тәуке хан бойындағы тайғақ гранит тастарын ауыстыру бастамасы әрмен қарай кезең-кезеңмен жалғасады деп отыр.

Әуесбек Опабек, Шымкент қ. жайлы ортаны дамыту басқармасының санитарлық-тазалық бөлім басшысы: «Гранит тақталардың бетін тазалап, құрғатқан соң адамдар таймайды. Бетін толығымен тазалап аламыз. Қазіргі таңда аялдамалар, әлеуметтік нысандар мен балабақшалардың алдын толығымен тазарту жұмыстары әлі күнге дейін атқарылуда».

Тұрғындар әлеуметтік желіде жаңадан салынған скверлер мен саябақтарда төсеніш тайғанақ екенін айтып, аяқ басып жүре алмай жатқандарын жазып жатады. Қалалық жайлы орта басқармасы саябақтар сәндік мақсатта болғандықтан және демеушілер тарапынан тегін салынғандықтан бұлай болғаны жөнсіздік емес деп санайды. Және ондағы жағдай ескеріліп, тазалықты тап-тұйнақтай жасауға басымдық берілетінін айтады.