Шымкентте қалалық мәслихаттың кезекті жиырма үшінші сессиясы өтті. Жылдың қорытынды отырысында үшінші мегаполис басшысының есебі тыңдалды. Ғабит Сыздықбеков қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін, инвестиция, инфрақұрылыммен қамту, әлеуметтік салалардың даму барысында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Сессияда 18 мәселе қаралып, басқарма басшылары түрлі проблемалар бойынша ұсыныстарын білдірді.
Қала экономикасының жалпы өсімі 12 пайызды құрап, ел көлемінде алдыңғы қатарда тұр. Бұл туралы мәслихаттың кезекті сессиясында мегаполис басшысы мәлімдеді. Жылдың қорытынды есебін берген Ғабит Сыздықбеков экономиканың барлық саласында оң өзгеріс барын атап өтті. Шымкент әкімі жол, құрылыс, тұрғын үй және инфрақұрылым саласында да қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқанын және алдағы уақытта да тұрғындардың игілігі үшін атқарлатын істердің жалғасатынын айтты.
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Экономикамыздың жалпы өсімі 12 пайызды құрап отыр. Ол республикадағы жалпы өңірлер арасында алдыңғы қатарлы көрсеткіш. Инвестиция 9 пайызға өсіп отыр, құрылыс жұмыстарының көлемі 27 пайыз, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 42 пайызға өсіп отыр. Өнеркәсіптегі өнім көлемі 2 пайызға артып отыр. Бұлардан бөлек, қала тұрғындарының толғандыратын негізі мәселелерді шешу және тұрмыстық жағдайын жақсарту бағытында да жұмыстар атқарып келе жатырмыз».
Қалалық мәслихаттың кезекті 23 сессиясының күн тәртібінде 18 мәселе қаралды. Әлеуметтік проблемалар да көтерілді. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы қатерлі дертпен ауыратын науқас балаларға төленетін ақшалай төлем көлемін көбейтуді сұрады.
Жанат Өтебаева, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы: «Бізде әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардың келесі санаттарына ақшалай төлем түріндегі көмекті жұқпалы туберкулез ауруымен ауыратын азаматтарға және қатерлі ісігі бар балаларға ай сайын 5 АЕК көлемінде төлем төленіп келген. Осыны ай сайын 10 АЕК көлеміне көтеру мәселесін ұсынып отырмыз».
Жанат Өтебаеваның ұсынысы депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапты. Ал қаржы басқармасының басшысы 4 мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасына қабылданған міндеттемелерді қысқарту және 2 жаңа жобаға міндеттемелерді қабылдау мәселесін қолдауды ұсынды.
Руслан Бақтыбаев, Қаржы басқармасының басшысы: «4 мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына қабылданған міндеттемелер көлемін 11 млрд 484 млн теңгеден 4 млрд 180 млн теңгеге қысқарту қажеттілігі туындап отыр. 2 жобаға міндеттемелер қабылдау ұсынылды. Атап айтқанда, спорт саласында оқ ату бойынша балалар-жасөспірімдер спорт мектебін ұйымдастыру және пайдалану. Екінші, Түркістан облысынан өткен Маржан Тасова атындағы №3 мамандандырылған мектеп-интернатының асханасын жаңғырту жобасы».
Бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы келер жылға жоспарланған қаражат көлемін мәлімдеді. Сөзінше, 2025 жылғы бюджет көлемі 806 млрд теңге болып бекітілді. Бұл 2024 жылға қарағанда 152 млрд теңгеге артық. Оның ішінде өзіндік кірістер жоспары 112 млрд теңгеге ұлғайды. Жалпы бюджеттің 52 пайызы әлеуметтік салаға бағытталып отыр.