Шымкентте халықаралық әуежайдың жаңа терминалы ашылды. Көптен күткен жәйт аяқталып жатқан жылдың айтулы оқиғасы болды. Жаңа терминал жолаушылар үшін тек жайлы болып қана қоймайды, сондай-ақ кәсіпкерлікке мүмкіндік туғызып, туризм мен инвестицияның артуына жол ашады. Арна түсірілім тобы үшінші мегаполистің жаңа әуежайының ашулына барып, алғашқы жолаушыларды қарсы алды.
Астанадан жаңа әуежайға түскен жолаушылар «Жаңа Шымкентке» келдік деп әзілдеп, тамсанады. Бұл терминалдың ашылуын тек шымкенттіктер ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінің тұрғындары да асыға күтті. 40 гектар көлемді алып жатқан су жаңа терминал бір сағатта 2000 жолаушыға дейін қызмет көрсетуге қауқарлы. Мұнда сапар шегетін жандар үшін барлық қажетті жағдай жасалған.
Елордалық жолаушы: «Әуежай керемет, әдемі, ыңғайлы. Жақсы құрметпен қарсы алды».
Қала әкімдігі жаңа терминалдың ашылуы шаһарда транспортқа деген қолжетімділікті едәуір жақсартады деп үміттенеді. Бұл Шымкент инфраструктурасын дамыту жобасының жәй бір бөлігі ғана.
Владимир Денисов, инвестор: «Өткізу мүмкіндігіміз өте жоғары. Алғашқы кезеңде ұшып кетуге күніне шамамен 1000 адамды, ал ұшып келуге 2000 адамды қабылдаймыз. Кейін бұл көрсеткішті ұшып келуге 2500 адамға, ұшып кетуге 2000 адамға дейін арттырамыз. Сондай-ақ жүк тасымалдау рейстері болады, осы мақсатта жаңа жүк терминалын салып жатырмыз. Әртүрлі әуе кемелерін қабылдай алатын, ені 65 метрлік жаңа ұшу-тұрақ жолын салып қойдық».
Әзірге Шымкенттің жаңа терминалында тек бір ғана әуе компаниясы жұмыс жасайды. Қазіргі таңда ескі терминал желісін жаңаға көшіру жүргізіліп жатыр. Мұнда демалыс орындары, дүкендер мен кафелер бар. Барлық жай-бөлмелер жолаушылардың қауіпсіздігі мен ыңғайына арналып, озық технологиялармен жабдықталған. Ерекше жандардың жағдайы да ескеріліп, оған да арнаулы көңіл бөлінген. Сондай-ақ құжатты тексергенде жылдам қызмет көрсететін жаңашыл жүйелер енгізілген.
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Қазіргі кезде бірінші кезеңде бұл терминалда SCAT әуе компаниясы қызмет көрсетеді. Осы жуық арада келесі апта деп жоспарлап отырмыз, Air Astana мен Fly Arystan компаниялары өтеді. Келесі жылдың басында қаңтар айының соңына дейін біздің жоспарымыз бойынша халықаралық әуе компаниялары да өтетін болады. Сөйтіп, толықтай іске қосылады. Жаңа терминалымыз 24 млрд теңгеге жекеменшік SCAT әуе компаниясының қаражаты есебінен салынды».
Жаңа терминал жергілікті тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға ғана жасалған қадам емес, қаланың дамуына жұмсалған инвестиция. Алдағы жылдары әуежай халықаралық рейстерді көптеп қабылдап, Орталық Азияның маңызды әуе бекетіне айналатын болады.