Шымкенттегі әскери бөлім жылды табысты қорытындылады 

102

Оңтүстік әскеріндегі механикаландырылған бригада оқу жылын қорытындылап, өз көрсеткіштерімен бөлісті. Арнайы жауынгерлік дайындықты күшейтіп, әскери тәртіпті арттыру міндеттелген жылда аталмыш бригада жетістіктерге жете алған екен. Салтанатты болып өткен жиында тек әскери қызметкерлер ғана емес олардың отбасылары да қатысты. Табыстар ортақ аталып өтіп, мәселелер ортаға айтылды. 

Биылғы жылы «Оңтүстік» әскери бөлімшелерінде жауынгерлік шеберлікті шыңдауға айтарлықтай көңіл бөлініпті. «Айбынды армия – Тәуелсіздік кепілі» ұранымен арнайы дайындық күшейткен әскер қызметкерлері, жыл қорытындысы бойынша жақсы жетістіктер көрсете алды. Сөзімізді жүргізілген сараптама растайды. Мәселен, механикаландырылған бригада бөлімшелерінде кенеттен яғни тосыннан жүргізілген 13 тексеру нәтижесінде «жауынгерлік дайын» деген баға берілген. Және бірнеше тактикалық оқу-жаттығулар 6 рет болып өтіп, оған комиссия болған «Оңтүстік» өңірлік әскерлері қолбасшысының басқармасы өз қорытындысын «Жақсыға» балаған. Осындай табыстар тіркелген соң, жылдың соңын түйіндейтін жиында әскерилердің басты мотивацияларының бірі саналатын жанұяларына көптен-көп алғыс айтылды.

Арман Айтбаев, майор, мотоатқыштар батальонының командирі: «35748 әскери бөлімінің 2024 жылдық қорытындысы ерекше аталып өтілуде. Бұл қорытындыда тек қана офицерлер мен сержанттар ғана емес, олардың отбасы мүшелері қатысуда. Бұл қатысуының себебі, Отан қорғаушылардың осындай жетістікке жеткендерін тек қана өздері ғана емес, сонымен қатар отбасы да себепші». 

Жыл бойы мақсатты көздеп, мардымды жұмыс атқарған бөлімшелердің бірі механикалық бригада. Олар оқу полигондарында 30-дан астам атыс жаттығуларын, 2000-нан астам оқу және бақылау атыстарын жүргізген. Онан бөлек жауынгерлік машиналармен машықтануды 1000-ға тарта өткізіп, 70-ке жуық мәрте түрліше әскери үйлестіру шараларын орындаған. Осындай міндеттерді атқаруда топ бастайтын жандардың еңбегі ерек деп санаған басшылық, жиында үздік әскери шенділерді арнайы марапаттады.

Айназар Маханбеталиев, капитан, артиллериялық дивизион командирінің орынбасары: «2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша бүгінгі күні артиллериялық дивизионы ең үздік ақпараттық-тәрбие жұмыстары бөлмесі номинациясын жеңіп отырмын. Ол біріншіден барлық артиллериялық дивизионның жеке құрамының арқасында деп білемін».

Жиын тек жетістіктің жетегімен өткен жоқ. Механикаландырылған бригада басшылығы баяндамасында қауіпсіздік шаралары мен әскери қызметшілердің денсаулығын сақтау мәселелеріне тоқталып өтті. Себебі далалық жаттығулар мен жауынгерлік дайындық сабақтарының сапасын арттыруға ерекше назар аударылған.