Түркістандағы Президент шыршасында 200 балаға ел басшысының сый-сияпаты тарту етілді. Мерекелік шарада сый-құрметке білім олимпиадасының жүлдегерлері де бөленді. Әлеуметтік қолдауды көздейтін шыршатойда оқушыларға беретін қаржылай сертификат 100 мың теңгені құрады. Президент шыршасына облыс әкімінінен бастап, бірқатар шенділер қатысып балғындармен бірге балаша тойлады.
Түркістанда Президент шыршасына 200 бала қатысып, мемлекет басшысының сый-сияпаты 100 мың теңгенің сертификаты табысталды. Одан бөлек, әрбіріне сөмке, қазақы ертегі кітаптары тарту етілген екен. Сонымен қатар мерекелік естелік хаттар мен түрлі тәттілер үлестіріліпті. Сый-құрметке бөленген оқушылар әлеуметтік осал топтағы балалар мен республикалық, халықаралық олимпиада жеңімпаздары. Президент шыршатойына облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, шыршаның жарығын балғындармен бірге жағып, балаларға толағай табыстар тіледі. Және алдағы уақытта өңірде оқушыларға жасалып жатқан жағдай тек арта түсетінін айтты.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Президент шыршасы балаларымызды ғажайыпқа тартатын және де ертегі әлеміне жетелейтін сондай бір керемет сәт. Барлық жағдайды жасап жатқанымыз тек балаларымыз үшін».
Рухани астанадағы мемлекет басшысының шыршасында қазақ ертегілерінің кейіпкерлері өнер көрсетіп, балалардың көңілін көтерді. Концерттік бағдарламадағы түрлі әуелеген әндер, мың бұралған билер мерекелік шараны қыздырды деуге болады. Ортаға бәрі шығып, асыр салды.
Гауһар Шаймерден, оқушы: «Бүгінгі жаңа жыл маған өте қатты ұнады. Өте керемет, күшті өтті. Көп кейіпкерлерді көрдім. Қызықты өтті».
Түркістан облысында 520 оқушы республикалық олимпиадаларда бақ сынап, оның 200-ге жуығы жүлделі орындарды иеленген. Олардың бірқатары бүгінгі шырша шарасында сый-сыяпат иеленсе, мерекеге дейін барлығын 2 күн бойы Түркістанның көрікті орындарына апарып, ойын-сауықта сергіту сыйлаған екен.
Гүлшат Елғондиева, ата-ана: «Түркістан облысының әкіміне, осы жерде ат салысып жатқан барлық ұжымдарға көптен-көп алғыс айтамыз. Президенттің шыршасына Гаухар қызымды марапаттап шақырғанына, өте керемет сезімде болып жүр қызым».
Ел болашағы жастарға көңіл бөлініп, жағдай жасау Түркістан облысында жайлы мектептердің салынуымен көрініс береді. Өңірде бүгінде ұлттық жоба бойынша 29 мектептің құрылысы жүргізіліп, кезең-кезеңімен қолданысқа беріліп жатыр.