Шымкентте полиция қызметкерлері жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу үшін күнделікті түнгі рейд жүргізеді. Жыл басынан бері 7200 кәмелетке толмағандар беймезгіл уақытта үйден жырақта болған екен. Бұдан бөлек жеткіншектер 109 қылмыстық іс жасаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда әлі де азаймай тұрған көрсеткіш. Жасөспірімдердің білместікпен бе, әлде біле тұра бой бергісі келмейтін жастығынан ба? Неліктен екен, заңға бағынбайтыны. Осыны білуге арна тілшісі полиция өкілдерімен бірге түнгі рейдке шығып қайтқан еді.
Заңды білмесеңіз де жауапкершіліктен жалтара алмайсыз. Кәмелетке толмаған жасөспірімге түнгі сағат 22:00-ден ауғаннан кейін ойын-сауық орындарында заңды өкілінсіз жүруге болмайды. Себебі жәй ескерту емес, бірден шара қолданылады. Ал кешегі жүргізілген рейд барысында қаладағы компьютерлік клубтардың бірінде заңға сай болмаған бірқатар жасөспірімдер анықталды.
Кәмелетке толмаған жасөспірім: «Жасым 17-де. Бірінші курс студентімін. Шынымды айтсам, бұл уақытта ойынханада жүрмеу керектігін білмедім».
Беймезгіл уақытта жасөспірімдерді жолатпауы керек болған мекеме кіреберісінде арнаулы тыйымдар көрсетілген кесте де ілінбеген. Тиісінше полиция қызметкерлері тақтайша бойынша ескерту жасады. Және заң бұзушылыққа жол берген ойынхана қызметкеріне әкімшілік шара қолданып, айыппұл салды. Өз кезегінде оператор бұған дейін тәртіпті сақтап жүргенін алға тартып, бұл жолы аңғармай ағаттық жібердім дейді.
Ойынхана қызметкері: «Мен алдыма келгендерден міндетті түрде сұраймын, тексеремін. Көрген жоқпын бұны, жолдас балалары келіп алды — ау деп тұрмын чекті. Жеке кассаға алдыма келген жоқ. Ескертесіздер ме? Ескерткеннен бұрын тексереміз, 22:00 ден кейін отыруға болмайды. 21:30-дан бастап кіргендерді тексере береміз».
Ойын ойнаймын деп жүріп, тәртіпбұзушылыққа тұтылған жас балалардың ата-аналары шақыртылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жыл басынан бері жүргізілген рейд нәтижесінде Шымкентте 7200 жасөспірім беймезгіл уақытта үйден жырақ жүрген екен. Олардың 553-і жоғарыда айтқандай, ойын-сауықтан ұсталыпты. Ал бей-берекет көше кезген 500-ден астам кәмелетке толмағандар бейімдеу орталығына жөнелтілген. Жалпы биылғы жылғы жасөспірімдер қылмыстары өткен жылмен салыстырғанда әлі де азаймай тұрғаны мәлімденді. Мамандардың айтуынша, ересекке толмағандар көбіне ұрлық қылмысына барады. Әсіресе қараусыз қалған заттарды қолды етуге құмар болған. Оның ішінде мопед және телефонды ұрлау әрекеттері өршіп тұр дейді, жауаптылар.
Ерғали Сүлейменов, Шымкент қаласы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі: «Ойын сауық мекемелерінде жүргені үшін ата-аналарына айыппұл салынады. 3 айлық есептік көрсеткіште. Ал егер түнгі сағат 23:00 ден кейін заңды өкілінсіз жүретін болса, оларға бірінші тарапта ескерту жасалынады кодекстің талабына сәйкес».
Кешегі жүргізілген рейд жұмыстарына 78 полиция қызметкері жұмылдырылды. Сағат оннан бастап шараға кіріскен құқық қорғаушылар алдымен жасөспірімдерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ертерек үйге қайту керектігін ескертті.