Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚК-нің 345-бабының 4-бөлігімен (жол жүріс қағидаларын бұзып, абайсызда екі адамның өліміне әкеп соққан) айыпталған Н.-ға қатысты қылмыстық іс ашық сот отырысында қаралды.
Сотталушы 2024 жылдың шілде айында «Toyota Camry» маркалы автокөлігімен Шымкент қаласы, Ұ. Арғынбеков көшесінің қиылысында бағдаршамның жасыл түсіне тура бағытта басты жолмен, яғни Арғынбеков көшесімен Жібек жолы көшесі бағытынан, Ж.Шаяхметов көшесі бағытына қарай қозғалып келе жатқан Ә.-ның басқаруындағы «KIA K5» маркалы автокөлігін өткізіп жіберместен онымен соқтығысып, абайсызда екі адамның өліміне, бір адамның денсаулығына ауыр, екі адамның денсаулығына орташа зиян келтіруге әкеп соққан жол-көлік оқиғасын жасаған.
Орын алған жол-көлік оқиғасының салдарынан «KIA K5» автокөлігінің жолаушылары кәмелетке толмаған 2006, 2009 жылғы жәбірленушілер алған дене жарақаттарынан қайтыс болып, 2008 жылғы жәбірленуші денсаулығына орта, ал «Toyota Camry» маркалы автокөлігінің жолаушысының денсаулығына ауыр дәрежелі зиян келген.
Өзінің мойындап берген және жәбірленушілердің, куәлердің жауаптарымен, оқиға болған жердің сызбасымен, сот сараптамаларының тұжырымдарымен дәлелденеді.
Прокурор сотталушыға көлік құралдарын жүргізу құқығынан және бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушілер прокурордың осы ұстанымымен келісе отырып, материалдық және моральдық залал өндіруді сұрады.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, жеңіл жаза ағайындауды сұрады.
Сот, Н.-ны ҚК-нің 345-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танып, оған көлік құралдарын жүргізу құқығынан 7 жыл мерзімге айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Талап арыз ішінара қанағаттандырылып жәбірленушілердің пайдасына 10 миллион теңге өндірілді. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде өтеуге деп белгіледі. Үкім заңды күшіне енбеген.