Бір күнде бір айлық нормадағы қар жауды

24
фото ШӨКҚ

Шымкентте бір күнде бір айлық нормадағы қар жауды. Коммуналдық қызметшілер тәулік бойы күшейтілген режимде қала көшелерін тазалап жатыр. Бұл жұмыстар бейнебақылау камералары арқылы бақылануда. Синоптиктер ертең 23 қаңтарда ауа райы -16 градусқа дейін төмендейтінін ескертті.

Шымкентте де бір күнде бір айлық нормадағы қар жауды. Бұрқасын таңертеңнен бері жалғасуда. Таңнан бері қала көшелерін 189 арнайы техника мен 2000-ға жуық қызметкер күшейтілген режимде қар тазалап жатыр. Мамандардың сөзінше, интертті материал қоры жеткілікті.

Қала көшелерін тазалау жұмыстарын ситуациялық орталықтағылар камералар арқылы бақылауда. Бұл жауапты мамандарға қар тазалау жұмысын жедел үйлестіріп, қажет болған жағдайда шұғыл шешім қабылдауға және тазалау сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Ал жылуға жауаптылар, тұрғындарға алаңдауға еш негіз жоқ деп отыр.

Асқар Бөлешов, Шымкент қаласы «Қуатжылуорталық-3» директоры:
«Бүгінгі таңға 26 қазандық 17 сорғы станция жұмыс жасауда штаттық режимде. 217 үйді қамтамасыз етеміз. Ақаулар қыс маусымында орын алмады. Штаттық режимде жылу беріліп жатыр. Минустық погодаға біз дайынбыз. Температуралық график бойынша жылу беріледі. 95 градусқа дейін көтереміз жылуды».

Қарлы боранға қарамастан білім беру ұйымдарында сабақ қалыпты режимде жалғасады. Себебі Қазгидромет тарапынан әзірге дауылды ескерту жарияланбапты.

Ұлжалғас Сәуірбаева, Шымкент қаласы білім басқармасының жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы: «Шымкент қаласының білім басқармасы 2025 жылғы 22 қаңтардағы сағат 12:45-тегі жағдай бойынша Қазгидромет тарапынан ауа-райына қатысты қандай да бір дауылды ескерту түспегендіктен білім беру ұйымдарында оқу процесі қалыпты жағдайда жүргізілетінін хабарлайды».

Айта кетейік, төтеншеліктер жақын күндері алыс сапарға шығудан бас тартуды сұрайды. Синоптиктердің болжамы бойынша, боран мен температураның төмендеуі Шымкентте және бүкіл Түркістан облысында бірнеше күн жалғасады.