Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі депутаттардың сынына ұшырады. Мәжілістегі Үкімет сағатында халық қалаулылары жүйенің жұмысы туралы сөз қозғады. Асхат Аймағамбетов өз сөзінде медициналық сақтандыру Денсаулық сақтау министрлігінің банкіне айналғанын айтты. Келтірілген мысалдар қатарында нәрестелердің тісін емдеу, шетелге шыққан азаматтарға дәрі-дәрмек рәсімдеу секілді көптеген қызмет түрі бар.
«5 айлық баланың тісін емдеген». Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Асхат Аймағамбетов осындай мәлімдеме жасады. Сөзінше, медициналық сақтандыру жүйесінде алаяқтық жағдайлары көп, ал бақылау жоқ. Ол стоматология саласынан бірқатар мысал келтірді. Мәселен, емханалардың бірінде «бес айлық баланың тісін емдесе, енді бірінде бір адамның 82 тісі емделіпті».
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Басқа бір адамның 82 тісі емделген екен. Соған қаражат төлесін деп қорға есеп берген екен. Тағы да бір кейс — бір күнде бір адамға бір аурухана 32 қызмет көрсеттік деп есеп берген. Осындай бейберекетсіздік біреуге тиімді болып отыр ма деген ой бізді мазалайды».
Соңғы үш жылда денсаулық сақтау саласына бөлінетін бюджеттің өсуіне қарамастан, халықтың медициналық қызметтер сапасына қанағаттануы 47% — ға дейін төмендеген. Бұл туралы Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева айтты.
Сөзінше, қаржыландырудың ұлғаюы — жүйенің негізгі мәселелерін шеше алмады. Ал жоғары аудиторлық палатада елдегі дәрі-дәрмектер шетелде тұратын адамдарға рәсімделгенін мәлімдеді. Нақтырақ айтқанда, шетелге тұрақты тұруға кеткен азаматтарға 8 млн теңге сомасына дәрі-дәрмектерді ресімдеу фактілері анықталған.
Нұрлан Нұржанов, Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі: «Аудит бүкіл денсаулық сақтау жүйесі мен мемлекеттік органдардың бірыңғай ақпараттық ортасы арасында байланыстың жоқ екенін көрсетіп отыр. Денсаулық сақтау және Ішкі істер, Әділет министрліктерінің ақпараттық жүйе деректерін салыстыру кезінде шетелде тұрақты тұруға кеткен азаматтарға 8 млн теңгегеге дәрі-дәрмек рәсімдеу фактісі анықталды».
Сонымен қатар, жоғары аудиторлық палатаның мүшесі амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінген қаражаттың тиімсіз пайдаланылғанын атап өтті. Ал мәжілісмен Нартай Сәрсенғалиев Денсаулық сақтау министріне МӘМС жүйесін іске асыруды тоқтатуды ұсынды.
Нартай Аралайбайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «МӘМС-тің жұмыс істей бастағанына 6 жыл болды. Не приписка тоқтаған жоқ, оның ішінде марқұм адамдарды да тіркеп жіберді, 4-5 айлық баланың тісін емдеді. Былтыр Президент тапсырма берген медициналық көмектің бірыңғай топтамасы да жасалған жоқ. Одан бөлек Президент «жергілікті билік өкілдері, әкімдіктер әлеуметтік әлжуаз топтардың медициналық сақтандыруын төлесін» деген тапсырмасы болды, ол да жүзеге асқан жоқ. Онсыз да басы қатып жүрген халықтың басын қатырмай, министр ханым, жүйе толық жетілгенше, неге МӘМС жүйесін тоқтата тұрмасқа?»
Денсаулық сақтау министрі жүйедегі кемшіліктер алдағы уақытта реттелетінін айтты. Енді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды жетілдіруде ақпараттың ашықтығына, цифрландыруға басымдық беріледі.