Медициналық туризм: 2024 жылы шетелден Шымкентке 100-ден аса адам ем іздеп келген

38
фото ШӨКҚ
Қазіргі таңда жаһанның жетекші елдерінің даму үрдісі азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру үшін барынша оңтайлы жағдай жасауға бағытталған. Иммунитетті көтеру, белсенді өмір салтын ұстану қазір сәнге айналып келеді. Уақыт өткен сайын сымбатты дене бітімін сақтауға және сапалы медициналық көмек алуға ұмтылатындар саны да артуда. Бұл үрдіс Қазақстанда да даму үстінде.
Медициналық туризмді дамыту бағытында Шымкент те технологиялық мамандандырылған медициналық көмек көрсететін алдыңғы қатарлы қалаға айналып келеді. Мысалы, өткен, 2024 жылы шет елден мегаполиске 100-ден аса адам ем іздеп келген.
Нақытырақ айтар болсақ, шекара асып Шымкентке ем іздеп келгендердің басым бөлігіне №2 қалалық ауруханада күрделі нейрохирургиялық операциялар жасалды. Науқастар Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия, Швейцариядан келгендер. Аталған ауруханада Ресей және басқа да елдерден келіп, жоғары мамандандырылған медициналық көмек алды. Барлық операциялар ерекше күрделі санатқа жатады және тәжірибелі дәрігерлердің жоғары кәсібилігі мен шеберлігінің арқасында сәтті аяқталды.
Сондай-ақ №1 қалалық ауруханада Қытай, Өзбекстан, Ресейден келген науқастарға күрделі ота жасалып, емдеу-диагностикалық тексерулері жасалған. Жалпы №1 ауруханаға еліміздің өзге қалаларынан келген 500-ге жуық науқасқа ем жүргізілді.
Сонымен бірге, «Шымкент жүрек орталығы» шетелдік серіктестерімен ынтымақтастық және медициналық туризм саласында белсенді жұмыс істеп жатыр.
2024 жылы емдеу мекемесінде АҚШ, Ресей, Ауғанстан, Тәжікістан елінен келген азаматтарға жоғары технологиялық оталар жасалған.
Заманауи медициналық техникамен жабдықталған орталық жұмысын әрі қарай дамытып, ішкі және сыртқы медициналық туризм саласын дамыту да жоспарланған.