Түркістан облысында медициналық туризм даму үстінде

329

Облыстық клиникалық ауруханасы облыс тұрғындарына мамандандырылған және жоғары мамандандырылған көмек көрсететін өңірдегі жетекші медициналық орталық болып табылады.

Жыл санап бұл емдеу мекемесінің қызметі Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елінің азаматтары тарапынан сұранысқа ие болып келеді. Шетелдіктер көбінесе жарақат бөлімінің көмегіне жүгінуде. Мәселен, былтыр Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында 100-ге жуық шетел азаматы ем қабылдаған. Шет тілін меңгерген 30-ға жуық маман өзге мемлекеттерден келген науқастарға жоғары деңгейде қызметтерін ұсынып келеді.

Жоғары білікті дәрігерлер сондай-ақ жыл сайын нейрохирургия, ортопедия, ота жасау, сәулелік диагностика сынды клиникалық жолдамалар бойынша Ресей, Германия, Украина, Үндістан, Оңтүстік Корея, Испания және Израиль мемлекеттерінде біліктілік арттырады. Одан бөлек шетелдік дәрігерлер осында келіп, жергілікті әріптестерімен тәжірибе алмасуда.

Қазіргі таңда облыстық клиникалық ауруханаға қарасты 2 емхана және 18 бөлімде 1800-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Әрине, ең басты міндеттері облыс халқына сапалы әрі тиімді медициналық ем көрсету. Өңірге қарасты барлық аудан тұрғындарына жолдама арқылы тегін медициналық қызметтер ұсынылады. Шалғай ауылда тұратын науқастардың жағдайы шұғыл көмекті қажет етсе, ауруханаға санитарлық авиация арқылы жеткізіледі.

24 сағат бойы халық үшін тынымсыз еңбек – облыстық клиникалық ауруханадағы әр дәрігердің өмірлік ұстанымы.