Мектептің күзет қызметінде бұрын сотталған адам жұмыс істеген

28
Фото: Отырар.кз

Шымкенттегі бірнеше білім ошағында өрескел бұзушылықтар анықталған. Прокуратураның тексеру жұмыстары нәтижесінде білім беру мекемелерінің күзет қызметінде бұрын сотталған адамның жұмыс істегені, директор орынбасарларының артық сағат алуы, жұмыстан босатылған адамдарға жалақы төленгені анықталған. 

Шымкенттегі білім беру нысандарында көптеген бұзушылықтар анықталды. Өткен жылы прокуратура 274 мектеп, 605 балабақша мен 38 колледжге тексеру жүргізді. Нәтижесінде, білім мекемелерінде өрескел кемшіліктер болғаны нақтыланды. Мәселен, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары мұғалім ретінде артық сағаттар алған, мекемелерде мерзімі өткен дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдар қолданыстан алынбаған, жұмысқа бармаған, жұмыстан босатылған қызметкерлерге жалақы төленген, күзет қызметінде сотталған адамдар жұмыс істеген.

«Жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижесінде күрделі жөндеу жұмыстарының толық жүргізілмегендігі, мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша айыппұл сомалары өндірілмегендігі, сотқа талап-арыз берілмегендігін, елдімекендер арасында мектеп оқушыларын тасымалдау кезінде заң бұзушылықтар анықталды. Сонымен қатар асханаларда ветеринариялық-санитариялық, санитарлық, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі талаптардың сақталмайтындығы, әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлғалардың жұмыс істегендігі, террористік тұрғыдан осал объект ретінде терроризмге қарсы қорғалуын толық қамтамасыз етпеу және басқа да заңнама талаптарының бұзылғандығы белгілі болды», — делінген Шымкент қалалық прокуратурасының хабарламасында.

Сондай-ақ, кейбір жекеменшік білім беру ұйымдарының қойылатын талаптарға сәйкес келмейтіндігі анықталған. Бұзушылықтар қатарында мамандандырылған мектепке оқушыларды негізсіз қабылданып, жаңа сыныптар ашу да бар. Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы бүгінгі таңда барлық олқылықтар жойылып, тиісті шаралар қабылданғанын айтады.

«Директордың орынбасарлары олар штаттық бірліктегі қызметкерлер болып саналады. Бір күнде ол 8 сағат атқару керек. Сол берілген сағаттар 8 сағаттан асып кеткен, кемшілік болып табылды. Сабақ кестесін реттеу жұмыстарын жүргіздік, арттық сағаттарын алдық», — деді Шымкент қ. білім басқармасы басшысының м.у.а Гүлнар Дәрібаева.

Сонымен қатар, қаланың бас ұстазы міндетін атқарушы әлеуметтік желідегі «балабақшада ыстық тамақ берілмей жатыр» деген әңгімені жоққа шығарды. Сөзінше, қазіргі таңда мұндай мәселе жоқ.

«Бағыныстылық нысанына қарамастан мемлекеттік немесе жекеменшік болсын, барлық балабақшаларда тамақ берілуде. Бұл жерде айтылған уәждің өзі дұрыс қойылмауы мүмкін. Қала әкімінің қаулысы болған, аз қамтылған немесе басқа санаттағы балаларды балабақшада тегін тамақпен қамту бойынша, сол мәселені қозғап жатуы мүмкін. Мұны біз реттегенбіз, жаңа қаулы шыққан, ол қаулы өз күшінде, мәселе жоқ бұл жөнінде», — деді Шымкент қ. білім басқармасы басшысының м.у.а Гүлнар Дәрібаева.

Басқармадағылар ата-аналарға егер ыстық тамақ жөнінде немесе басқа да бұзушылықтар туралы хабардар болса, міндетті түрде хабарлауды сұрайды.