«Газ жабдықтарын тексермейді, бірақ ақы сұрайды». Жұртшылық ВДГО деп аталып кеткен мекемелердің жұмысына наразы. Жауаптылардың қызметіне көңілі толмайтын тұрғын арнамызға шағымын арқалап келді.
Үй ішілік газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетуші мекемелердің жұмысына шағым көп. Шынар Оразова халық арасында «ВДГО» деп аталып кеткен жеке компаниялардың қызметіне разы емес. Зейнеткер жауаптылар міндетін атқармағанымен қоймай, ауадан ақша жасап отыр дейді.
Шынар Оразова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Каспиге төле деп ақшасы келіп тұрады. Не үшін төлеуім керек? ВДГО үйімді тексермейді де. Істемеген жұмысына ақы сұрап отыр. Мен үйімдегі газ жабдықтарын тексертуге арнайы мамандарды шақыртамын. Ақысын төлеп. Сонда мен екі рет шығындалуым керек пе?!»
Бүгінде мегаполистегі үй ішілік газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетуші мекемелердің саны 62-ге жеткен. Бұл ресми тіркелгендер. Олардың жұмысын қаладағы газ техникалық қызметінің мамандары бақылап отырады. Сөздерінше, талапты орындамағандар жауапкершілікке тартылып жатыр екен.
Жандос Ордабаев, Шымкент қаласы газ техникалық қызметінің бөлім басшысы:
«Қазіргі таңда бізге 143 сондай мәлімет тіркелді. Келісімшарты жоқ, каспи арқылы счет жіберіп отырған мәліметтер бар бізде. Оларға қазіргі таңда құжаттар жиналып, бронбизге жолдауға дайындалу үстінде. Лицензиясын алуға дайындалу үстінде»
Жұртшылық арасында ВДГО аталып кеткен мекемелерге әлеуметтік желілерде де шағым көп. Алайда оларға ақы төлеместен бұрын, келісімшартқа отыру керек дейді газ қызметінің мамандары. Жұмыскерлер үйдегі жабдықтарға техникалық қызмет көрсетілгеннен кейін ғана белгіленген соманы төлеу керек.
Айта кетсек, үй ішілік газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетушілер тұрғын үйлерді жылына 2 рет, ал коммуналдық, әлеуметтік мекелерді тоқсан сайын тексеруі қажет.