Шымкент: Тұрғын үй сертификатына өтінім қабылдау басталады

фото ШӨКҚ

 

2025 жылдың 16 қаңтарынан бастап тұрғын үй сертификаттарына өтінім қабылданады. Тұрғын үй сертификаты – мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары аясында «2-10-20», «5-10-20» және «Наурыз» бағыттары бойынша тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық қарыздың бастапқы жарнасының бір бөлігін жабу үшін берілетін жергілікті атқарушы органның ақшалай көмегі.

Тұрғын үй сертификаты әлеуметтік көмек ретінде қарыз сомасының 10%-ы, бірақ 1 000 000 (бір миллион) теңгеден аспайтын мөлшерде қайтарымсыз негізде беріледі. Өтініш берушінің және оның отбасындағы әрбір мүшенің соңғы 6 айдағы орташа табысы (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығын және өзге де міндетті төлемдерді қоспағанда) 143 307 теңгеден аспауы тиіс. Бұл мөлшер ағымдағы қаржы жылына заңнамада белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен (2025 жылы – 46 228 теңге) аспауы қажет.

Тұрғын үй сертификатын алушылар санаты:
1. Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар.
2. Мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар.
3. Кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған, 29 жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар.
4. «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылар.
5. Толық емес отбасылар.
6. Шымкент қаласының мемлекеттік мекемелері мен кәсіпорындарының қызметкерлері.

Қажетті құжаттар тізімі:
1. Белгіленген үлгідегі өтініш.
2. Өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің жеке куәлігі (құжаты).
3. Соңғы 6 айдағы еңбек және кәсіпкерлік қызметтен табысы туралы анықтама.
4. Жұмыс орнынан анықтама (халықтың әлеуметтік осал топтары үшін талап етілмейді).
5. Банктің өтініш берушіге бастапқы тұрғын үйді сатып алу үшін ипотекалық несие беруді мақұлдағандығы туралы хаты (құжатта қарыз сомасы, бастапқы жарнаның мөлшері және ай сайынғы төлемнің сомасы көрсетілуі тиіс).

Өтініштер kезекте.kz интернет ресурсы арқылы қабылданады.
Әрбір азаматта электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болуы қажет.