Футболдан биыл Шым шаһардың намысын ел чемпионатымен қатар Еуропа Конференция лигасында қорғайтын Ордабасы клубына жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржы сомасы белгілі болды. Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков шымкенттік клубқа жаңа маусымда 3,2 млрд. теңге қаржы қаралып жатқанын айтты. Естеріңізде болса, бұған дейін қала әкімі осы жылы «Ордабасыға» қыруар қаражат бермейміз, өзге өңірлердегідей болады деп еді.
Шымкенттік «Ордабасының» жаңа маусымға жұмсайтын бюджеті белгілі болды. Бұл туралы қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков ресми мәлімдеді. Бұған дейін спорт турасындағы ақпараттық порталдарда «Ордабасыға» осы маусымға жергілікті бюджеттен 2 млрд. теңге қаралыпты деп хабарланған еді. Алайда бұл ақпаратты жоққа шығарған басқарма басшысы, биылдыққа 3,2 млрд. теңге қаржыландыру болатынын айтты.
Еске сала кетсек, алдында қала әкімі жыл қорытындысы бойынша есеп бергенде жергілікті аталмыш клубқа жаңа маусымда болатын қаржыландырудың өзге өңірлердегідей деңгейде қарастырылатынын атап өткен еді. Өз кезегінде Шымшаһардағы спортқа жауапты Маратбек Мықтыбеков алдымыздағы маусымға бөлінген қаржы көлемін әкімнің мәлімдемесі бойынша есептеп түзгенін айтады. Тек өткен жылғы жоғары жалақы алатын бірқатар ойыншылардың келісімшарты жалғасатын болғандықтан ол да ескерілді дейді.
Маратбек Мықтыбеков, Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы: «Бізден жауапкершілік түскен жоқ. Міндетті түрде чемпион болуымыз керек, чемпиондыққа таласатын боламыз. Бізге клубқа қаламыздың спортшыларын көптеп тартуға және жасөспірімдерге көбірек қаржыландыру жасау туралы нақты тапсырма берілді. Соның аясында қазір жұмыс істеп жатырмыз».
«Айта-айта Алтайды, Жамал апа қартайды» болғанның кейпіндегі орталық стадионның әбден ескірген газоны ақыры ауыстырылады. Бүгінде жұмыстар басталып кеткен. 60 жылдан көп жатқан көгал түгелімен қопарылып алынып тасталыпты. Енді стадионның алаңына автоматтандырылған суару жүйесі қосылатын жаңа табиғи көгал төселмек.
Жаңарту жұмыстарына «Ордабасы» клубының демеушілері есебінен қаржы қаралады екен. Алаңды ауыстыратындар шетелде және елімізде осы істі атқарып біраз тәжірибе жинаған, сондықтан олар арнайы таңдалып алынды дейді қалалық спорт басқармасының басшысы. Сәтін салып, жаңа көгал егілгеннен кейін оны күтіп-баптауға орталық стадионның дирекциясы жауапты болады.
Маратбек Мықтыбеков, Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы: «Салынған газонды енді мамандардың айтуы бойынша күн ыстықта суғаруға болмайды екен. Оны тек автоматты суару болғаннан кейін, түн ортасында қосып қойып сапалы түрде алаңды ұстап тұруға болады. Алматыдағы алаңды да осы компания жасаған, одан кейін Қазақстанда тағы бір өңірдің көгалын төсеп берген».
Қазір «Ордабасы» командасы шетелде, атап айтсақ Біріккен Араб Әмірліктерінде оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Жоспар бойынша онда қаңтар айының соңына дейін болады. Команданы жасақтауды сол жақтан бастап, маусымға дайындық жүргізеді.