Өткен аптада Тәжікстан Республикасы, Соғды облысы, Бабоджон Гафуров ауданының делегациясы Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келді.
Делегацияны аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров күтіп алып, аудандағы кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктермен және мақтааралдықтардың тәжірибесімен бөлісті.
Ең алдымен қонақтар «Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасы» ЖШС-да болып, мекеме басшысы Амандық Қостаков тәжірибе стансасындағы зерттеу жұмыстарымен кеңінен таныстырды.
Мұнда селекция және тұқым шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, мақтаның М-4011, М-5027 жаңа сорттары туралы, сорттардың артықшылықтары мен өнімділігі туралы кеңінен мәлімет берілді. Қонақтар қазақстандық сорттарға үлкен қызығушылық танытып, туған жері Соғды облысында 100 гектардан астам жерге егуге ниет білдірді. Бұдан бөлек, жиында мақта егу және оны механикаландырылған жинау әдістері, өсімдіктерді күтуде қолданылатын техникалық шаралар сияқты мәселелер қозғалды.
Мұнан соң делегация «Төрткүл-7» шаруа қожалығына барып, қожалықтың ауыл шаруашылығында қолданылатын техникаларымен танысты. Қожалыққа тиесілі «Джон дир» комбайны, «Беларусь 80», «Беларусь 95» тракторлары, «Elvorti» культиваторы және 4 дана трактор тіркемесі бар. Аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу бойынша мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер мен лизингтер туралы кеңінен ақпарат берді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ауданда ауыл шаруашылығы техникалары жыл сайын жаңарып жатқанын атап өтті.
Ауданның индустриалды аймағынан жақында ғана Орталық Азияда бәсекеге қабілетті «Жанасыл» мақта өңдеу зауыты ресми түрде іске қосылған болатын. Делегация мүшелері жаңа кәсіпорынның жұмысымен де танысты.
Кәсіпорын 150 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып, тәулігіне 600 тонна таза мақтаны өңдеп шығарады. Одан бөлек, күніне 180 тонна мақта талшығы өңделеді. Зауыт қазіргі таңда шитті мақтаны өңдеп, одан мақта талшығын, мақта шитін, мақта линтін және улюк өнімдерін шығарып, тікелей Қытай, Түркия, Еуропа, Тәжікстан, Иран, Қырғызстан елдеріне экспорттауда. Дәл осындай кәсіпорынды жеке кәсіпкер Қабыл Боев іске қосқан болатын. Құны 3 миллиард теңгені, қуаттылығы 60 мың тоннаны құрайтын мақта талшығын өңдейтін зауытта 80 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған.
Тәжікстандық қонақтарға аудандағы тамышалтып суғару технологиясын ендіру шаралары да көрсетілді. «Хамро ата» ауы шаруашылығы өндірістік кооперативі өткен жылы 310 гектар алқапқа мақта дақылын тамшылатып суғару технологиясы арқылы егіп, 1 гектардан 58-60 центнер (ауданның орташа өнімділігі 26,2 центенрді құрауда) өнім алған болатын. Жаңа технологияның арқасында ағын су көлемі біршама үнемделіп, өнімділіктің көлемі 2-2,5 есеге артты. Сонымен қатар, тамшылатып суғару технологиясын енгізгені үшін шаруа қожалығына мемлекет тарапынан кеткен шығынның 80%-ы субсидия ретінде өтелді. Орта Азия үшін ағын су мәселесі өзекті болып жатқан қазіргі уақытта қазақстандықтардың жаңа технологияға бет бұрыс жасап жатқанына тәжік ағайындар дән риза болды.