Түркістан облысында 70 мың гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды

20

Түркістан облысында ортақ жайылым жерді қайтару жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Саладағы мәселелер облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Бұл ретте жауаптылар арнайы ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып, жер мәселесін реттеу бағытындағы жұмыстардың қарқынды жүріп жатқанын айтты.

Былтыр Түркістан облысында 70 мың гектардан астам жер мемлекетке қайтарылған. Нәтижесінде өңірдегі жайылым тапшылығы айтарлықтай төмендеген. Мәселен өріс тапшылығы 2023 жылы 2 млн гектардан астам болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 608 мың гектарды құраған.

Ерғали Тілеген, Түркістан облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы:
«Өз еркімен қайтарылған жерлер 43 400 га. Сот тәртібімен 16 900 га. Иесіз мүлік ретінде есепке алынғаны 1100 га. Келісімшартты бұзу арқылы 9500 га жер қайтарылып отыр»

Облыста ортақ жайылым жерді қайтару жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл тақырып өңір әкімі аппаратының апталық отырысында талқыланды. Жиын барысында аймақ басшысы жайылым жерлерін қайтару процесін жеделдетуді міндеттеді.

Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі: «Аудан, қала әкімдері қоғамдық жайылым үшін қайтарылған жерлердің картасын әзірлеуі қажет. Халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. 2025 жылға бекітілген жер телімдерін жүйелі түрде мониторинг жүргізіп, мақсатсыз пайдаланып жатқан жер мемлекетке қайтару үшін тиісті шараларды қабылдауды тапсырамын»

Айта кетсек, қазіргі таңда облыс бойынша жалпы жер қоры 11 миллион 600 мың гектардан асты. Бүгінде пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері мен заңға қайшы пайдаланылып жатқан жер телімдерін қайтару бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Бұл мәселемен айналысатын ведомствоаралық кіші топтың құрамы бекітілді.