Шымкент қалалық перзентханасында 1 қаңтар түні 18 сәби жарық дүние есігін ашты. Оның 10-ы қыз болса, 8-і ұл бала. Барлығының жағдайы бірқалыпты. Жаңа жылдық мереке күні нағыз сый болған балалар мен аналардың денсаулығы жақсы дейді ақ халаттылар.
21 жастағы Әсел Құлжан жаңа жыл мерекесінде шекесі торсықтай ұл босанды. Айбар есімді батыр отбасының екінші перзенті. Салмағы шамамен 3,5 келі болып туылған баланың денсаулығы жақсы. Ұлын мереке күні өмірге әкелген жас ананың қуанышында шек жоқ!
Әсел Құлжан, Шымкент қаласының тұрғыны: «1 қаңтар күні екінші баламды дүниеге алып келдім. Бірінші баламды да осыдан бір жыл бұрын, тура осы жерде дүниеге алып келген едім. Салмағы 3,440, бойы 52 см. Есімін нағашы ата-әжесі Айбар деп қойды».
Ал Шымкент қаласының тұрғыны Мадина Юлдашева мереке түні дүниеге қыз әкелді. Айлин есімді кестетігердің анасы нәрестенің жағдайы жақсы екенін айтады. 1 қаңтар күні дүние есігін ашқан ханшайымның екі әпкесі бар. Жүктілігім мен босануым жеңіл өтті деген келіншек сәбиінің жаңа жылда ең керемет сый болғанын жеткізді.
Мадина Юлдашева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бұл менің үшінші босануым. Перзентхана қызметкерлеріне үлкен рахмет айтқым келеді. Осы кісілердің арқасында менің босануым өте жеңіл әрі жақсы болды. Әрине қорқынышты болды, бірақ сәбиімді қолыма алғанда барлығын ұмыттым. Бөпемнің салмағы 3,5 келі боп дүниеге келді. Қызымыз отбасымыз үшін нағыз жаңа жылдық сыйлық болды».
1 қаңтар күні Шымкент қалалық перзентханасында 18 нәресте жарық дүние есігін ашты. Оның 10-ы қыз болса, 8-і ер бала. Ақ халаттылар барлық ана мен баланың жағдайы жақсы дейді.
Гүлнар Жұмадиллаева, Шымкент қалалық перзентханасының бөлім меңгерушісі: «Жаңа жыл түні біздің перзентханада 18 босану болды. Оның ішінде 10-ы қыз бала, 8-і ұл бала. Үшеуі ота жолымен босанды. Жаңа жыл түні қалалық перзентхананың дәрігерлері мереке күніне қарамастан, келген жүкті әйелдердің барлығына тиісті қызмет көрсетті. Барлығы аман-есен босанып, ота жолымен болса, операциясын жасап, сәбилерін аман-есен қолдарына алуға көмектесті».
Жалпы елімізде 1 қаңтар сағат 00:00-ден кейін 181 сәби, нақтырақ айтқанда 105 ұл және 76 қыз дүние есігін ашқан. Мереке түнінде туған нәрестелердің ең көп саны Түркістан облысында – 34 бала тіркелді, екінші орында – Алматы қаласы мен Алматы облысында 17 сәби, ал үшінші Шымкент қаласында 16 отбасы толықты. Сонымен қатар, Маңғыстау облысында жылдың алғашқы егіздері дүниеге келді.