Туристік пойыз Бұқара мен Хиуаға да барады

27
Фото: Отырар.кз

Жаңа жылдан бастап Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы «Jibek joly» туристік пойызының бағыты кеңейтілді. Енді пойыз бес қалаға аялдайды. Пойыздың жолаушылар саны артып, сапарға 150 қазақстандық турист шықты. Туристік пойыз Шымкент қаласына да табан тіреді. Самарқанд қаласынан келген пойыз ары қарай Алматыға жол тартты.

Шымкентке «Jibek joly» туристік пойызы келді. Бұрын үш қаланы аралайтын пойыз маршрутына енді Шымкент және Самарқанд қалалары қосылды. Үшінші мегаполиске табан тіреген 115 турист қаланың мәдени нысандарын аралады.

Салтанат Беделбаева, жолаушы: «Алматыдан Ташкентке, Самарқандқа бардық. Әрбір адамның арманы бар ғой, мен Әмір Темірдің мавзолейін көруді армандайтынмын. Арманым орындалды, өте бақыттымын! Ішінде душ та бар, су да бар. Вагон ресторан бар. Қиналған жоқпыз».

Бұл жоба Мемлекет басшысының туризмді дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының ұйымдастыруымен жүзеге асырылуда. Жолаушыларға маршрутта көрсетілген 5 қаладағы тарихи нысандарды аралауға мүмкіндік беріледі. Жолаушыларды Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы басшысы, «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы мамандары күтіп алып, қаланың қонақжайлығын көрсетті.

Бексұлтан Әділханов, Шымкент қаласы туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы: «Бұл енді бастамасы. Бұл пойыз Шымкент қаласына бірінші рет келді. Ары қарай да ай сайын туристік пойызды Шымкент қаласында күтіп алуға дайынбыз. Келген қонақтарға туристік маршрут дайындалды»

Туристік пойыз бес вагоннан тұрады. Алдағы уақытта вагондар саны 20-ға дейін көбейтіліп, жолаушылар саны 700 адамға жетеді деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, болашақта саяхат бағытына Бұқара мен Хиуа қалалары да қосылуы мүмкін.

Туризм саласындағы маңызды бұл қадам екі ел арасындағы серіктестікті нығайту мен аймақтың туристік әлеуетін арттыруға бағытталған. Турға қатысушыларға Қазақстан мен Өзбекстанның көрікті жерлерімен танысу, екі елдің мәдениеті мен салт-дәстүрлерін сезіну мүмкіндігі берілді.