Елімізде биыл тағы 4 мың шақырым жол ақылы болады. Нәтижесінде ақылы жолдардың жалпы ұзындығы 7 мың 200 шақырымға жетеді. Көлік министрінің сөзінше, пайдалануға берілген жолдарға түсетін жүктеме жоспардағыдан әлдеқайда көп болған.
Сондықтан да күтіп-ұстау шығындарын өтеу маңызды дейді ол. Ал күтім уақытылы болмаса, трасса тозады. Әрі жекеменшік әріптестік негізінде салынған жолдардың шығынын мемлекет өтейді. Яғни, ақылы жолды кезең-кезеңімен енгізу арқылы бюджет шығысын азайтуға мүмкіндік туады. Министрліктің сөзінше, тариф те көтеріледі.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі: «Яғни, кейбір учаскелерде 30 пайызға, енді бірінде 40 пайызға өседі. Жалпы ақылы жолдар біртіндеп қымбаттайды. Бірақ оның жергілікті тұрғындарға әсері жоқ. Демек, тасжолға жақын тұратын және сол жолмен жүретін елдімекен тұрғындары үшін абоненттік төлем сол күйі сақталады. Ол шамамен 3 мың теңге. Бұл өсім, бірінші кезекте, шетелдік транзиттік көліктерге қатысты болып отыр«.
Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, өткен жылы ақылы жолдар есебінен бюджетке 48 миллиард теңге пайда түскен. 2025 жылы бұл көрсеткіш 60 миллиардты, ал келесі жылы 100 миллиард теңгені құрайды деген жоспар бар. Министр кірістің бір бөлігі құрылыс жұмыстарына алынған қарызды қайтаруға жұмсалуы ықтимал деді. Айта кетейік, қазір Қазақстанда ұзындығы 3 мың 200 шақырым жол ақылы.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі: «Ағымдағы жылы қосымша 4 мың шақырым ақылы учаскелер енгізілетін болады. Олардан келетін түсімдер көлемі биыл 60 млрд, ал келесі жылы 100 млрд теңгеге дейін жетеді. Осы ақылы жолдардан түскен қаражаттың бір бөлігін құрылыс жұмыстарына алынған қарыздардың пайыздық мөлшерлемелерін өтеуге жұмсау мәселесі қарастырылып жатыр«.