Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

ОТЫРАР

Бүгін Шымкентте бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Шараға жоғары оқу орындары мен колледж түлектері, сондай-ақ жұмыс іздеген жастар қатысты. Акцияның басты мақсаты – жұмыс берушілер мен жас мамандар арасындағы байланысты нығайту, түлектерге еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді таныстыру.

Жұмысшы жастар – ел ертеңі. Шымкентте осындай ұранмен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға 100-ге жуық мекеме қатысып, жастарға жұмыс ұсынды. Жәрмеңке барысында жастар тікелей жұмыс берушілермен кездесіп, еңбек шарттары мен талаптары жайлы толық ақпарат алды.

Дана Қанатқызы, Шымкент қаласының тұрғыны: «Менің ойымша бұл — өте жақсы нәрсе. Себебі мен бұрын жұмыс істемегенмін. Маған осы ыңғайлы. Себебі менде тәжірибе жоқ. Бұл көптеген жасқа жақсы кеңес, ізет беретін жол деп ойлаймын»

Жәрмеңкеге жоғары оқу орындары, колледж бен мектеп түлектері шақырылған. іс-шара барысында жұмыс іздеген жастарға тәжірибелі мамандардан кеңес алу мүмкіндігі де ұсынылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың болашақ мамандығын анықтауға және жұмыспен қамту деңгейін арттыруға септігін тигізеді.

Абай Сырлыбайұлы, «Жастар Рухы» ЖҚ Шымкент қалалық филиалының кеңесшісі:
«Бүгін біз 8 жоғары оқу орнын, мектеп және колледждің бітіруші түлектерін осы жерге шақырып отырмыз. Осылайша оларды жұмыспен қамтуды қолға алып отырмыз»

Айта кетсек, Іс-шараны қалалық Еңбек мобилдік орталығы, «Жастар Рухы» Жастар қанаты мен «AMANAT» партиясы бірлесе ұйымдастырды. Ал жәрмеңкеге қаланың 1000-ға жуық жұмыс іздеген жасы тартылды.