Бүлдіршіндер өрт сөндірушілерге қонаққа барды

№118 «Әсел» балабақшасының тәрбиеленушілері өрт сөндірушілерде қонақта болды. Балаларды А. Байтұрсынов көшесінде орналасқан №5 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы қарсы алды.

Танымдық шара барысында «Балдырған-3» тобының ұл-қыздары өрт сөндіру көліктері, құрал-саймандар, жалпы жабдықтарымен танысты. Өрт сөндірушілермен кездесуге балалар мұқият дайындалыпты. Бейбіт өмірдегі батырларға жасаған қолөнерлер туындылары мен суреттерін тапсырып, өрт сөндірушілерге ерен еңбегі үшін алғыс білдірді.

Ұйымдастырушылар мұндай кездесулердің өрт сөндірушілер үшін де, балалар үшін де пайдалы екеніне сенімді. Отпен күрескен мамандар қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолдарынан келген амалды жасайды, жауапкершілікті сезінеді. Ал балалар болса қарапайым ережелермен танысып, өрт қауіпсіздігін тұрмыста, қоғамдық орындарда сақтайтын болады.

Шынар Оразова