Ескі көліктерді қатардан шығарады: Утилизация қалай жұмыс істейді?

Қазақстанда ескі автокөліктерді кәдеге жарату жалғасуда. Бірақ, утилизацияға көлікті тапсыру оңай емес. Қабылдау пункттері аз, ал көлігін тапсырғысы келетіндер – көп. Тапсыру шарттары және көлік орнына оның иелері не алатыны туралы алдағы бейнематериалдан көріңіз.

Қазақстандықтар көліктерін утильге өткізе алмай жатыр. Қабылдау пункттері — саусақпен санарлық, ал көлігін тапсырғысы келетіндер – көп. Ескі көлікті тапсыруға болатын жалғыз кәсіпорын Қарағандыда орналасқан. Бұл ретте кәдеге жарату Ережелері бекітілген және процесс белгіленген тәртіппен өтетін болады.

Экология министрлігінің баспасөз қызметі: «Қазақстанда автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жарату процесі 2024 жылғы 10 қазандағы № 243 бұйрықпен реттеледі. Біз қайта өңдеушілермен келісім жасадық. Нәтижесінде өтінімдерді қабылдау басталды».

Көлікті тапсыру үшін:
1) бірінші кезекте «Жасыл Даму» сайтында көлікті утилизацияға беруге өтінім жіберу қажет
2) бұдан әрі автокөлікті есептен шығару керек
3) Құжаттар тізімін және банктік шот туралы анықтама дайындайсыз
4) автокөлікті қабылдау пунктіне дейін жеткізу
5) құн ұсыныстарын алу.

Бұл ретте, егер бұрын иелері 150-ден 600 мың теңгеге дейінгі мөлшердегі ақшалай өтемақыға ала алса, енді олар тек жеңілдік сертификаттарын алады. Олардың номиналы көлік санатына байланысты.

Көліктердің құны:
Жеңіл автокөлік — 315 000 теңге (жеңілдетілген сертификатпен).
5 тоннаға дейінгі шағын автобус — 550 000 теңге.
5 тоннадан жоғары автобустар — 750 000 теңге.
3,5 тоннаға дейінгі жүк көлігі — 550 000 теңге.
3,5-12 тонна аралығындағы жүк көлігі — 550 000 теңге.
12 тоннадан жоғары жүк көлігі — 750 000 теңге.
Трактор — 560 000 — 1 000 000 теңге.
Комбайн — 1 500 000 — 2 000 000 теңге.

Алайда, жол қозғалысы қауымдастығының сарапшысы көлік жағдайы мен моделі маңызды рөл атқаратынын айтады. Егер ол бұрын, ең төменгі бағамен сатып алынған болса, жоғары жеңілдік сертификатын күтпегеніңіз дұрыс. Сондықтан көлік қозғалысының жай-күйі мен өзектілігін бақылау қажет.

Арсен Шакуов,  Алматы қаласы «Қауіпсіз жол қозғалысы» қауымдастығының президенті:  «Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған бір ғана кәсіпорын – Қарағандыда орналасқан. Тапсыру шарттары бойынша, егер машина жұмыс істеп тұрса, онда коэффициент жұмыс істемейтін көліктен әлдеқайда жоғары болады. Әсіресе өткізу кезінде кем дегенде қозғалтқыш пен беріліс қорабы жақсы болуы керек. Бүгінгі таңдағы мәселе өңір бойынша кәдеге жарату пункттері өте аз, тіпті егер сіз автокөлікті ең төменгі бағамен сатып алсаңыз да, оны Қарағандыға апарып, тапсырудың мәні жоқ деп ойлаймын».

Егер көлік иесінде қабылданған шешімдер бойынша сұрақтар туындаса, ол Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес шағым бере алады. Кәдеге жарату бағдарламасы қазақстандықтар үшін ыңғайлы әрі қолжетімді бола ма — әзірге белгісіз. Жаңа қабылдау пункттері ашыла ма, әлде Қарағанды автокөлікті тапсыратын жалғыз орын болып қала ма? Бұл сұрақтың да жауабы жоқ.

Гүлдана Сейдрасул