«Кең баба» саябағы мемлекет меншігіне қайтарыла ма?

Шымкентте «Кең баба» саябағының айналасындағы қоршауларды бұзу жұмыстары басталды. Бұл – бұрын мемлекетке тиесілі болған мүлікті қайтару жөніндегі іс-шаралардың қисынды жалғасы.

«Кең баба» этнопаркінде ғимараттар мен қоршауларды бұзу жұмыстары жүргізілуде. Сот шешіміне сәйкес, 1294 шаршы метр аумақтағы заңсыз құрылыстар жойылуы тиіс. Жалпы, саябақ аумағы – 3,9272 гектар.

1999 жылы бұл жер Балалар саябағы ретінде жасөспірімдерге эстетикалық және мәдени тәрбие беру орталығын ұйымдастыру мақсатында «Сапар «ӨКЖФ» ЖШС-не 15 жылға уақытша пайдалануға берілген. Алайда, уақыт өте келе балаларға арналған сырғанақтар мен әткеншектердің орнына коммерциялық нысандар пайда болды. Жаңа ғимараттар мен құрылыстардың балалардың тәрбиесіне қаншалықты әсер еткені белгісіз. Дегенмен, әкімдік саябақты қайтару қажет деп шешті. Алайда серіктестік басшылығы бұған үзілді-кесілді қарсы.

Қайрат Сапарбаев, «Сапар» компаниялар тобы Бақылау кеңесінің төрағасы: «Бір жылдан бері сот процесі жүріп жатыр. Біз алғаш рет 1997 жылы қуыршақ театрының аяқталмаған құрылысын сатып алдық. 1998 жылы Балалар саябағының 3 гектар 54,15 шаршы метр аумағын иелендік. 2001 жылы қуыршақ театры пайдалануға берілді, ал 2002 жылы «Кең баба» этноорталығы іске қосылды. 2007-2008 жылдары біз «Махамбет» бизнес орталығы мен басқа да нысандар орналасқан 13,031 мың шаршы метр аумақты сот арқылы қайтардық. Биыл тағы да сот жүріп жатыр. Түркістан облысының аумақтық комитетінен сұрау салып, 3 гектар 5415 шаршы метр жерді сатып алғанымызды растайтын ресми құжат алдық. Сондықтан бұл жердің толықтай бізге берілуі үшін күресеміз».

Ал әкімдік өкілдері бұл аумақтағы құрылыс заңсыз жүргізілген және нысандар Қазақстан Республикасының жер заңнамасын бұза отырып салынған дейді. Мәселеге қатысты сот шешімі де бар.

Дәйексөз: Шымкент қаласы сотының 2025 жылғы 9 қаңтардағы шешімімен «Алматы-Сапар» ЖШС-не тиесілі құрылыс нысандары бұзылуға тиіс деп танылды. Тәуке хан даңғылы, 43 «А», «Кең баба» этнопаркінің аумағы заңсыз иемделді деп танылып, мемлекетке қайтарылуы керек. Шешімге сәйкес, 1294 шаршы метр аумақтағы заңсыз құрылыстарды жою міндеттелді.

2024 жылғы 29 сәуірде Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты бүгінде таралып кеткен «Сапар өндірістік-коммерциялық жеке фирмасы» ЖШС мен Шымкент қаласының жер қатынастары бөлімі арасындағы мәмілелерді жарамсыз деп таныды. Ал «Махамбет» бизнес орталығының тағдыры қазірше шешілген жоқ.

Қайрат Сапарбаев, «Сапар» компаниялар тобы Бақылау кеңесінің төрағасы: «Қазір жалпы аумағы 1509 шаршы метрді құрайтын «Махамбет» бизнес орталығын бұзу бойынша сот процесі жүріп жатыр. Бірінші сот қате шешім қабылдап, 350 шаршы метр аумақты қалдырып, қалғанын бұзу туралы үкім шығарды. Сондықтан біз апелляцияны күтіп отырмыз және оң шешім шығады деп үміттенеміз».

Бұл дауға соңғы нүктені сот қояды. Ал қала тұрғындары бұрынғы Балалар саябағының тағдырына қатысты не дейді?

«Бұл қазір жеке меншікке тиесілі, бірақ пайдасы жоқ. Саябақ қараусыз қалған»

«Егер жеке иесі оған қаржы салмаса, мұны қала тұрғындары да байқап жүр. Егер мемлекетке өтсе, қаржыландыруға мүмкіндік болады. Сондықтан саябақты мемлекетке қайтарып, содан кейін халықтың игілігі үшін дамытқан дұрыс».

Саябақ толығымен мемлекеттік меншікке өте ме, әлде аумағының бір бөлігінен ғана айырыла ма – бұл сұраққа жауап сот шешімі шыққаннан кейін белгілі болмақ.

Шынар Оразова