Онкология: Бір күнде күрделі 4 операция жасалды

фото Отырар.кз

Шымкент қалалық онкологиялық орталығында ұлттық ғылыми зерттеу институты мамандарының қатысуымен күрделі операциялар жасалып жатыр. Тәжірибе алмасу мақсатында келген ақ халаттылар мегаполисте екі күн болады. Бүгін онкогинекологиялық және онкоурологиялық 4 ота өткізеді. Ал 21 ақпан күні қала тұрғындарына онкологиялық орталығы бар көпбейінді ауруханада тегін емдік және консультативті көмектер көрсетеді.

Бүгін шымкенттік дәрігерлер мен алматылық ақ халаттылар бірлесе отырып, бірнеше күрделі ота өткізді. 1997 жылы туылған әйелге тіліксіз, бүйректі сақтай отырып қатерлі ісікті алу операциясы жасалды. Отаның ерекшелігі – ағзаны аман алып қалу. Сондай-ақ, тіліксіз ота тез оңалуға мүмкіндік береді.

Хусан Өмірзақов, ҚазҰҒЗИ онкоурология орталығының басшысы: «Ісіктің көлемі үлкен, бірақ екі бүйрегін де аман алып қалу мүмкіндігі болғандықтан, оң жақ бүйрек резекциясын жасадық. Бұл отаның ерекшелігі сол – ағзаны аман сақтап қалу, яғни операциядан кейін науқас толыққанды өмір сүре алады. Операция бұған дейін де Шымкент қаласында жасалып жүрген, біз тек тәжірибе алмасып, біліктілігімізді жетілдіріп жатырмыз».

Бүйректің лапороскопиялық отасы және жатыр ісігі операциясы жасалды. Онкология және радиология орталығынан тек хирургтар ғана емес, скринингтік орталықтың мамандары да келді. Олар емханаларға шығып өз білімдерімен бөліседі.

Ерлан Кукубасов, ҚазҰҒЗИ онкогинекология орталығының басшысы: «Мұндай тәжірибе алмасу жұмыстары жиі жүргізіліп отырады. Біз 3 айда немесе жарты жылда өңірлерге шығып отырамыз. Бұл екі жақтың мамандары үшін өте маңызды. Қабылдаулар жүргізіледі, тұрғындар кеңес ала алады және күрделі оталар жасалады».

Екі күнге жоспарланған іс-шаралар қатарында ақ халаттылардың тұрғындарды қабылдауы да бар. Дәрігерлер тегін емдік және консультативті көмектер көрсетеді. Сонымен қатар, мамандар қала көлеміндегі гинеколог пен урологтарға семинар өткізіледі.

Жақсылық Мәуленов, Шымкент қалалық онкологиялық орталығының бас дәрігері: «Екі бағыт бойынша оталар, олар онкогинекологиялық және онкоурологиялық оталарды бастап кетті. Оталардың нәтижесінде біздегі жергілікті мамандары мен ғылыми зерттеу институтының мамандары тәжірибе алмасу бағытында осы жұмыстар атқарылады. Одан бөлек тағы бірнеше маман келіп отыр, олар мониторинг жасайды. Қалалық емханалардың жалпы жұмысы, онкологиялық аурулардың бізге қалай жолдама арқылы келетіні, ерте кезеңде анықтау барысында атқарылып жатқан шаралар бойынша мониторинг жасалады».

Айта кетейік, мұндай күрделі оталарды жасау үшін шетел асып, маман іздеудің қажеті жоқ. Операциялар Шымкентте де жасалады. Мамандар барлық қажетті құрал-жабдық пен білікті дәрігерлердің жеткілікті екенін айтады.