Прокуратура: Келес ауданында қылмыс саны азайған

2024 жылы Келес ауданында жасөспірімдер арасындағы төбелес пен ұрлық, өз өзіне қол жұмсау дерегі азайған. Оған ауыл имамдары мен билерінің мектептерде оқушылармен кездесу өткізіп, ата-аналарымен сөйлесуі – бірден бір себеп. Бұл ретте құзырлы орган өкілдері жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, түрлі сауалдарына жауап беріп, ашық әңгіме жүргізуде. Кездесулер елдімекендерде де ұйымдастырылып жатыр.

Өткен жылы Келес ауданында кәмелетке толмағандар арасында 9 қылмыс тіркелген. Жасөспірімдер түнгі уақытта жүру және ересектердің қарауынсыз қалуы салдарынан ұрлық және бұзақылық қылмыстарын жасаған. Жасалған 9 қылмыстың төртеуі ұрлық.

Нұркен Ағабеков, Келес ауданы прокурорының орынбасары: «Ауданымыздағы 65 мектепті аралап, оқушыларға қылмыстың салдарын, қылмыстық құқықбұзушылыққа жауапкершіліктің қанша жастан басталатынын айтып, оған дейін жауапкершілікке ата-аналары тартылатыны туралы ескертілді. 2024 жылы кәмелетке толмағандармен 9 қылмыс оқиғасы орын алған. Ол толық зерделеніп, кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылды».

Өткен жылы жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны — 4,2% азайған. Оның ішінде ауыр дене жарақатын келтіру — 50,0%, ұрлық — 46,2%, мал ұрлығы — 52,0%, алаяқтық — 41,9%, интернет алаяқтығы — 40,0%, тонау — 100,0%, жол көлік оқиғалары — 4,50% төмендеген.

Жәнібек Абдуалиев, Келес аудандық білім бөлімінің әдіскері: «2023 жылдың 12 айлық көрсеткішімен 2024-тің көрсеткіші статистика бойынша төмендеп жатыр. Оқушылар арасында көзқарас дұрыс болып жатыр. Құқықтық сауаттылықтары ашылып жатыр. Және бұл жерде баламен ғана емес, ата-аналармен де жұмыс жүргізіп жатырмыз. Баланың тәрбиесіне тек мектеп, білім ошағы ғана емес, ата-ананың рөлі басым екенін айтып жатырмыз».

Аудан көлемінде барлық мектептерде балалар мен олардың ата-аналарына қылмыс жасауға не себеп болатыны, оның салдары неге әкеліп соғатындығы және ол үшін кім жауапқа тартылатыны түсіндірілді. Аудандық прокуратураның бастамасымен қылмыстылықтың алдын-алуға бағытталған іс-шараға полиция қызметкерлері, ақсақалдар кеңесі, әділ билер мен дін өкілдері атсалысты. Олар интернет-алаяқтық, мал ұрлығы, есірткі қылмыстарының, кәмелетке толмағандардың және тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстарының алдын алу жөнінде мәселе көтерді.

Тоқтар Өмірзақов, Келес ауданының тұрғыны: «Балалардың тәлім-тәрбиесі жөнінде теріс нәрселер көбейіп кетіп жатыр: өзіне қол жұмсауы, жастардың сабаққа қатыспай көшеде жүруі. Құрылған топ барлық мектептерді аралап, оқушылармен жиналыс өткіздік, түсіндірме жұмысын жүргіздік».

Аудан прокурорлары жасөспірімдер тарапынан жасалған әрбір қылмысқа зерделеу жүргізіп, салдарын жоюды қолға алған. Ал ата-аналарға баласының болашағына жауапкершілікпен қарау мәселесі айтылды. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да мектептер мен колледжде ұйымдастырылады, дейді жауаптылар.