Шымкент қаласындағы қарттар үйінде тұрғындар саны жылдан-жылға азайып келеді. Көптеген қариялар туған-туыстарының қамқорлығына қайта оралып, жаңа өмір бастайды екен. Бұл мекемеде тағдыр тәлкегіне түскен жандар тек баспана тауып қана қоймай, өмірлік серігін кездестіріп, жаңа бастамаларға қадам басқан әсерлі оқиғалар да жиі орын алатын көрінеді.
Ауған соғысының ардагері Николай Изибаев 2016 жылдан бері қарттар үйінде тұрады. Өмірінің ауыр кезеңдері оның тағдырын күрделендірді: әскери қызметтен кейін денсаулығы сыр берді, ал отбасылық өмірі де ойлағандай болмады. Әйелі ажырасқаннан кейін баласын алып, басқа өмір бастады. Ал Николай жалғыз қалды. Алайда ол қиындықтарға мойыған жоқ. Бүгінде ағаш жонып, ұлттық ою-өрнек пен қолөнер бұйымдарын жасап, айналасына жылу сыйлап келеді. Өнерін дамытып, өзгелерге де шабыт беруде.
Николай Изибаев, Ауған соғысының ардагері: «Екі аяғымды да сындырып алғанмын. Мақтарал ауданында үйім бар еді. Өзім арбаға танылғандықтан, жалғыз өмір сүру қиындап кетті. Сондықтан ауылдағы қаруластарыма айтқан едім, қарттар үйіне құжаттарды жинауға көмектесіңдер деп. Міне он жыл болып қалыпты осында тұрып жатқаныма».
Қазір Шымкенттегі қарттар үйінде жүзден астам адам тұрады. Басшылықтың айтуынша, оларға барлық жағдай жасалған. Медициналық тексерулер тұрақты жүргізіліп, дәрігерлер мен медбикелер үнемі бақылауда ұстайды. Мұнда тек паналау ғана емес, бос уақытты тиімді өткізуге де мүмкіндік бар. Тіпті кейбір қариялар қосымша табыс тауып, өздерін қоғамның бір бөлшегі ретінде сезіне алады. Ал туыстары бар қарияларды кейде жақын-жуықтары үйлеріне алып кетеді екен.
Дашти Каримов, «Қарттар үйінде қазіргі таңда 157 адам тұрады. Мемлекет тарапынан тиісті барлық ем дом, медициналық, өзге де қолдауды толық көлемде алып отыр. Егерде қажет болса, бізде арнайы топ бар, олар керек жерге апарып, алып келеді»
Шымкентте бірнеше қарттар үйі жұмыс істейді. Мамандардың пікірінше, екі мыңыншы жылдардың басындағыдай емес, адам легі қазір айтарлықтай азайған. Бұл – қарттарға деген көзқарастың өзгергенінің белгісі деуге болады. Қазыналы қарияларға туған-туыстары жанашырлық танытып, оларды өз қамқорлығына алуы үлкен жетістік екенін мамандар да мойындап отыр.
Шынар Оразова