Қазақстандық арнайы жасақ Дубайда күміс жүлдеге ие болды

21
фото ШӨКҚ
Дубайда өткен халықаралық SWAT Challenge жарысы өз мәресіне жетті. Әлемнің 80 елінен 100-ден астам арнайы жасақ бөлімшесі қатысқан бұл беделді сайыста, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Сұңқар» арнайы жасағы жоғары нәтиже көрсетіп, жалпы есепте күміс жүлдені жеңіп алды.
Бес күнге созылған жарыс барысында командалар тактикалық, штурмдық, құтқару операциялары, кепілдегі адамдарды босату және кедергілер жолағын еңсеру бойынша өз шеберліктерін көрсетті. «Сұңқар» арнайы жасағы барлық кезеңде жоғары нәтиже көрсетіп, екі алтын және бір күміс медальға ие болды.
Бұл жетістік — команданың аталмыш жарысқа екінші мәрте қатысуының нәтижесі. Айта кетейік, Қазақстанның өзге де арнайы жасақ бөлімшелері, олардың қатарында ҚР ҰҚК «Арыстан» және «SSN Aktau», МКҚ-ның «Сардар» арнайы жасағы, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұлан құрамасы үздік ондыққа кірді.
Биылғы сайыстың тарихи ерекшелігі — Ішкі істер министрлігінің арнайы жасақтарының атынан алғаш рет «Томирис» әйелдер командасының қатысуы. Конькимен жүгіру спорты бойынша әлемдік рекорд иегері, 2014 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы, спорт шебері және күштік спорт түрлері бойынша түрлі деңгейдегі жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегерлерінен құралған «Томирис» командасы барлық сынақтан сәтті өтіп, ерлер командаларымен терезесі тең өнер көрсетті. Нәтижесінде әйелдер арасында Қазақстан құрамасы екінші орынға көтерілді.
Бұл жетістіктер Қазақстанның арнайы жасақтарының жоғары кәсіби деңгейін және халықаралық аренада елдің абыройын қорғауға дайын екенін көрсетті.