Шымкентте үш адам мерт болған ойын саябағы бұзылады. Жоғарғы соттың баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, шешім кәсіпкердің заңсыз әрекеттеріне байланысты қабылданған.
Балалар орталығын салудың орнына ол мемлекеттік учаскеге аттракциондар паркін орналастырған. 2011 жылы компания балалар орталығын салуға уәде беріп, қалалық саябақта 4 гектар жерді жалға алған. Алайда оның орнына «Қиял әлемі» саябағы пайда болды.
Соңғы жылдары бұл орын қайғылы оқиғалардың салдарынан атышулы мекенге айналды деуге болады. Мұнда өрт пен басқа да жағдайлардан екі студент пен егде жастағы бір ер адам қаза тапты. Қалалық әкімдік жалдау шарттарының бұзылуын алға тартып, оны жарамсыз деп тануды талап етіп, сотқа жүгінген.
«Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты және апелляция ЖШС-ны жер телімін коммуналдық меншікке қайтаруды міндеттеді. Бұл шешім заңды күшіне енгеннен кейін әкім саябақтағы заңсыз салынған құрылыстарды ЖШС есебінен бұзып, жер телімін бұрынғы қалпына келтіру туралы талап қоюмен сотқа жүгінген. Сот жоғарыда аталған мән-жайларды, сондай-ақ ЖШС-ның жер телімін заңсыз пайдалану фактісін ескере отырып, талап қоюды қанағаттандырып, ЖШС-ны рұқсатсыз иеленген 4 га жер телімін ғимараттарды бұзу арқылы бастапқы күйіне қайтарып босатуды міндеттеді. Шешім заңды күшіне енген жоқ», — деп жазылған ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметінің хабарламасында.
Айта кетейік, жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сот шешімімен келіспегендіктен, қазір апелляциялық сот жүріп жатыр.