Қырыққабат та қымбаттады

фото Отырар.кз

Қырыққабаттың бағасы күрт қымбаттады. Шымкент базарларында ақ қырыққабаттың келісі 300 теңгеден сатылуда. Бір апта бұрын бұл көкөністің бағасы 250 теңге шамасында болған.

Сабыржан Бектаев, сатушы: «10 күн ішінде бағалар көтерілді, мысалы, жергілікті қырыққабат таусылды, бұл Өзбекстандыкі, біз оны 300 теңгеге сатамыз. Көптеген жергілікті көкөністердің қоры таусылды, біз жаңа өнім күтеміз. Мамыр айында бәрі арзандайды».

Қырыққабаттың бағасы барлық өңірлерде қымбаттады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстан бойынша оның бір келісі орташа есеппен 173 теңгеге жетті. Әсіресе, Ақтөбе мен Семейде көкөніс бағасы айтарлықтай өскен. Сатып алушылар еліміздің аграрлық мемлекет екеніне қарамастан, көкөніс құнының жоғары екенін атап өтуде.

«Барлығы қымбаттады, әр апта сайын 20 -30 теңге қосылады».
«Сәл арзанырақ болса жақсы болар еді. Бірақ мен көп алмаймын».
«Банан Қазақстанда өсіретін бағадан арзан, неге мұндай бағаларды мен мүлде түсінбеймін!».

Елімізде қызылша бағасы да көтерілді: қазір оның құны келісіне 300 теңге. Өнім бір апта ішінде бірден 50 теңгеге қымбаттаған. Бұл көкөніс кеңінен қолданылмаса да, оның бағасының өсуі байқалып отыр. Ұлттық экономика министрлігі көкөніс бағасының қымбаттауын маусымдық құбылыс деп санайды және бұл өсім алдағы ҚҚС мөлшерінің өзгеруімен байланысты емес екенін айтады.

Серік Жұманғарин, Премьер-Министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі: «Кәсіпкер бағаны 100% көтере алады. Біз барлық тауарлар тобы үшін 20%-дық өсімді есептедік. Бастапқыда қалыпты эконометрикалық модельдерге сүйендік. 20%-дық өсім кезінде сәбіздің бағасы 7%-ға ғана қымбаттады. Жақында картоптың да бағасы өсті. Көктемге қарай көкөністердің бағасы тағы да біршама көтерілуі мүмкін. Бұл ҚҚС-қа байланысты емес, тек өнімнің маусымдылығымен түсіндіріледі».

Қазір Шымкент базарларында картоптың бағасы 400 теңгеге дейін жетеді, ал кейбір аймақтарда одан да жоғары. Ұлттық статистика сарапшылары бұл көкөністің құны 0,5 пайызға арзандағанын мәлімдеді. Дегенмен, тұрғындар бұл өзгерісті айтарлықтай сезінбеуі мүмкін.

Шынар Оразова