Реанимациялық жедел жәрдемге бағдаршамның тек жасыл түсі жанады

Енді реанимациялық жедел жәрдем көліктеріне GPS-трекерлері орнатылады. Яғни, өмір мен өлім арасындағы науқастарды әкетіп бара жатқанда көліктерге алдағы екі қиылыстың бағдаршамында жасыл жанады. Бұл өзге көліктердің де жедел жәрдемге жол беремін деп, бақылау камераларына түсіп қалмауы үшін жасалып отыр. Жоба наурыз айынан бастап жүзеге аса бастайды.

Реанимациялық жедел жәрдемге бағдаршамның тек жасыл түсі жанады. Бұл туралы жолаушылар көлігі басқармасының басшысы мәлімдеді. Шымкент қаласында 6 реанимациялық жедел-жәрдем көлігі бар. Енді оларға GPS-трекерлері орнатылады. Ауыр жағдайдағы науқастарды әкетіп бара жатқанда көліктерге алдағы екі қиылыстың бағдаршамында жасыл жанады. Бұл оларға жол беретін көліктердің сергек камераларына түсіп қалмауы үшін де жасалып отыр.

Ролан Ибрагимов, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Қалада 6 реанимация машинасы бар екен. Соларға науқас түскен кезде автоматты түрде үнемі жасыл түс жанатын қылып істейін деп жатырмыз. Қазіргі таңда тиісті GPS-трекерлерін тапсырыс беріп қойдық. Наурыз айында келетін болса, біз көліктерге қоямыз. Кейде көшелердің тарлығынан жедел жәрдем сиренасын қосса да, машиналар кете алмайды. Егер де стоп линиядан өтетін болса, сергектен айыппұлға түседі. Қазір біз сол GPS-ті қоятын болсақ, жедел жәрдем келе жатқанда тиісті диспетчер маршрутын сызып береді, алдындағы екі қиылыста жасыл жанып тұрады».

Жол-көлік апатын азайту үшін 50 көшедегі жолаушылар өткеліне арнайы жарықшамдар орнатылды. Нәтижесінде көлік қағу статистикасы едәуір төмендеді дейді басқарма басшысы. Биыл тағы 100 жерге қою жоспарланып отыр.

Ролан Ибрагимов, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «2024 жылы жол апаты күрт өскен болатын. Оның бірінше кезекте – жаяу жүргіншілер өткелі. Бұл мәселені тиісті жұмысшы комиссиясында қарағанбыз. Статистиканы қарасақ кешкі, түнгі уақытта жаяу жүргіншілер өткелінде өтіп бара жатқан адамдарды көрмей қағып кету орын алған еді. Былтыр 50 көшеге С5 орнатылды. Соны қойғалы бері көлік қағу мүлдем болмады десе де болады».

Өткен жылы көше қиылыстарына 43 бағдаршам орнатылды. Көлік кептелісін азайту үшін бағдаршамдарға интеллектуалды көлік жүйесі 247 бағдаршамға енгізілді. Жаңа жүйе жолдар мен қиылыстарға орнатылған сенсорлар арқылы көлік ағыны туралы ақпарат жинайды. Бағдаршамдағы қызыл және жасыл түстердің жану уақыты көлік ағынына байланысты автоматты түрде реттеледі.