Шымкентте генерал Сабыр Рақымовты еске алды

24
фото ШГБҚ

 

Шымкенттегі Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рақымов атындағы әскери колледждің тәрбиеленушілері мен басшылығы аты аңызға айналған генералдың туғанына 123-жыл толуына орай бірқатар іс-шаралар өткізді.

Еске алу күні Шымкент қаласының Жеңіс саябағында басталды, онда генерал ескерткішіне әскери колледждің оқушылары, отставкадағы полковник Серікбай Онбаевтың басшылығымен ардагерлер ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ запастағы генерал-майор Болат Жорабаев бастаған әскери-техникалық мектептің тәрбиеленушілері жиналды.

Еске алу сөзінде әскери колледж бастығы, полковник Мақсат Ахшалов Сабыр Рақымовтың ерекше еңбегін, оның жеңіске қосқан үлесін және жастар арасында батыр туралы естелікті сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Ол тұңғыш қазақ генералының есімі тек оқу орнының атында ғана емес, ескерткіштерде, еліміздің көшелері мен білім беру мекемелерінің атауларында да мәңгі қалғанын атап өтті.

Өз кезегінде әскери мектептің түлегі, запастағы генерал-майор Болат Жорабаев оқушылар алдында сөз сөйлеп, өзінің әскери саладағы жолы мен ұрпақтар сабақтастығының маңыздылығы туралы естеліктерімен бөлісті.

Іс-шара соңында әскери-техникалық мектептің курсанттары мен оқушылары гүл шоқтарын қойып, ескерткіштің алдына салтанатты шерумен өтті.

Мерекелік шара Сабыр Рақымовтың туған жері, Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Көкібелі ауылында жалғасты. Оның есімімен аталатын орта мектептің акт залында колледж тәрбиеленушілері генералдың өмір жолына арналған әдеби-музыкалық кеш ұйымдастырды. Курсанттар музыкалық композициялар орындап, өз шығармаларының өлеңдерін оқып, Сабыр Рақымовтың жауынгерлік жолының негізгі сәттерін бейнелейтін театрландырылған қойылым ұсынды.

Сабыр Омарұлы Рақымов – әйгілі әскери қолбасшы, қазақ халқын мен және Орталық Азияның тұңғыш генералы. 1902 жылы Көкібелі ауылында дүниеге келген. 1922 жылы Бакудегі әскери мектепке түсіп, кейін Түркістан әскери округінде қызмет ете бастады. Басмачтармен болған шайқастардағы ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған.

1941 жылы Ұлы Отан соғысының басталуымен ол майданға аттанып, мотоатқыштар бөлімдерін басқарған, Беларуссияда, Кавказда және Ростов облысында Қорғаныс шайқастарына қатысған. 1943 жылы жауынгерлік ерлігі үшін генерал-майор атағын алды. 1944 жылы ол 37-ші гвардиялық атқыштар дивизиясын басқарып, Шығыс Пруссия операциясында және Грауденц бекінісіне (Грудзендз, Польша) шабуылда көзге түскен. 1945 жылы наурызда Гданьск маңындағы шайқаста қаза тапған.
1965 жылы сіңген еңбегі мен көрсеткен ерлігі үшін Сабыр Рақымовқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді (қайтыс болғаннан кейін). Ол туралы естелік қазақстандықтардың жүрегінде өмір сүруді жалғастыруда, ал оның ерлік жолы Отан қорғаушылардың болашақ ұрпақтары үшін үлгі болып табылады.