Еркектердің сұрағы…

Мерекелік дастарханға қойылар азық-түліктің бағасы да біршама өскені байқалды

«Әйелдер не дейді?!

Құрбан айтта бизнесін дамытқандар

Мерекелік дастарханға қойылар азық-түліктің бағасы да біршама өскені байқалды

Жыл өткен сайын исі мұсылманның ұлық мерекесі Құрбан айтта жеке басының пайдасын ойлаушылардың қатары күрт артатыны көпшілікті қынжылтып отыр. Алдын-ала бас мүфти қымбатшылыққа жол бермеу керектігін айтып Үндеу жарияласа да базардағы пақырлар бұған пысқырып қарар емес. Кешегі аптада өткен Айт мерекесінде осы бір келеңсіздік тағы қайталанды. Құрбандыққа шалынар қойдың орташа бағасы Шымкентте 30-40 мың болса, Астанада 50-60 мыңға жеткен.

Мерекелік дастарханға қойылар азық-түліктің бағасы да біршама өскені байқалды. Әсіресе конфет пен өрік-мейіз, жаңғақтың бағасы әдеттегіден 100-350 теңгеге қымбаттады.

Құрбан айтты коммерциялық мерекеге айналдырғандар бұл тірлігі үшін ертең арғы дүниеде жауап беретіндерін ұмытып кететіні несі екен…

Генерал қайда жүр?

Оңтүстік қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінің бұрынғы бастығы, полиция генералы Серімжан Досымовтың қайда жүргенін, қазір қандай қызмет атқаратындығын білгісі келетіндер бар. Сұрастырып білгеніміздей бұрынғы басшы қазіргі таңда ешқандай қызметке тағайындалмаған. Құқық қорғаушылар арасында таяуда аттестация өткенін ескерсек, салада кадрлық ауыс-түйіс әлі де жалғасуда. Ал Серімжан Досымов кадрлық резервке алынған.

Мектептердегі «былық» 

«Қайтпас-1» шағынауданындағы №72 мектептің асханасына ата-аналар тарапынан шағым көп. Әйткенмен, қалалық білім бөлімінің асхананы тендер арқылы жалға алған кәсіпкерге тісі батпай отыр. Мектеп директоры мен асхана жалгері арасындағы дауға нүкте қойылмауы себепті екі ортада оқушылар сапасыз тамақ ішуден бас тартуда екен. Бұл дауды шешеміз деп жүргенде қалалық білім бөлімі «облыс әкімінің блогына хат жазған қайсысың?» деген сауалға жауап іздеп әуреге түсуде екен. Асқар Мырзахметовтың жеке блогына қаладағы «№ 47 мектепте әр оқушыдан мектеп «копилкасына» деп 1000 теңгеден заңсыз ақша жинап жатыр» деп хат жазылғаны белгілі». Ақшаның жиналғанын дәлелдей алмадық, ол өтірік екен…» деп құтылған тиісті сала басшылары, ендігі жерде «сол хатты кім жазды?» деп бас қатырып жүр білем.

Жұлдызай не үшін кетті?

Жұлдызай Дүйсенбиева

«Алдараспан» әзіл-сықақ театрының белді әртісі Жұлдызай Дүйсенбиева театрдан кететіндігін айтып, түрлі БАҚ-та сұхбат беріп жүр білемін. Дегенмен, театрдан кету себебін нақтылап айтпайды. Мұндай шешім жасауына не қаржылық мәселе, не шығармашылқ деңгей түрткі болғанын ашып айтқысы келмегенімен, ішінде қара қазандай өкпесі бары байқалады. Естеріңізде болса, Жұлдызай «Алдараспанның» негізін қалаушы Нұржан Төлендиев екеуі бір кездері «Шаншар» театрынан да дәл осылай кетіп қалған-ды. Ол кезде де бұлай етуге не түрткі болғанын ашып айтпаған.

Енді міне «Алдараспанды» тастап кетіп отыр. Бұл әдеттегідей «жұлдыздардың» өздері жайлы жұрт назарын аудару үшін жасаған PR- ма, әлде…