Ұлы Жеңістің 80 жылдығы кең көлемде тойланады

Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы Қазақстанның барлық өңірінде кең көлемде атап өтіледі. Мерейтойға орай, елімізде “Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі” атты іс-шаралар жоспары бекітілген. Шымкенттіктер Ұлы мерекені қалай тойлайды? 

Шымкентте Ұлы Жеңістің 80 жылдығы кең көлемде атап өтіледі. Мерейтой аясында бірқатар мәдени және патриоттық іс-шара ұйымдастырылмақ. Олардың қатарында ардагерлермен кездесулер, әскери-патриоттық концерттер, көрмелер және спорттық жарыстар бар. Бұл шаралар өскелең ұрпаққа батырларымыздың ерлігін насихаттап, отансүйгіштік рухты көтеруге бағытталған.

Мөлдір Убайдуллақызы, Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бас орынбасары: «Отан қорғаушылар күнін 9 мамыр — Ұлы Жеңіс күнімен тығыз байланыстыра отырып атап өтеміз. Астана алаңында үлкен концерттік шара өткіземіз. Және былтырғыдай гүл шоқтарын қоямыз. Соғыс кезіндегідей полктар, палаткалар орнатылып, соғыс кезіндегідей сахна қойылады. Қалалық өнерпаздар сол кезеңдерде айтылған әндерді шырқайды. Гарнизон тарапынан көрмелер қойылады. Ботқалар таратылады»

Сонымен қатар, мереке қарсаңында соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне материалдық көмек көрсетіліп, мерейтойлық медальдар табысталмақ. Айта кетсек, бүгінде Шымкентте 2 Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Оларға 5 млн. теңгеден сыйақы беріледі деді жауаптылар.

Жанат Өтебаева, Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы: «Тыл ардагерлеріне 15 АЕК төленіп отыр. Ауған соғысына қатысушыларына 45 АЕК-тен 50 АЕК көтеру қарастырылып жатыр. Сонымен қатар, Ұлы Отан Соғысы ардагерлерінің жесірлеріне 5 АЕК төленіп келген. Оны 15 АЕК-ке көтеру жоспарланып, осы 9 майға дейін өзгеріс енгізіліп, есепшоттарына аударылады»

Жеңістің 80 жылдығын атап өту мәселесі ардагерлер кеңесінде талқыланды. Жиынға қатысушылар шымкенттіктер бұл мерейтойды жоғары деңгейде атап өтіп, батырларымыздың ерлігін мәңгі есте сақтауға үлес қосады деген сенімде.

Серікбай Оңбаев, «Қарулы күштер ардагерлері» қалалық кеңесінің төрағасы:
«Осы айдың басында Президентіміз, Жоғары Бас қолбасшымыз тапсырма берген. Алдағы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына 80 парасатты, ізгілікті, патриотты шаралар орындау жөнінде. Бұны Қорғаныс Министрі Астана қаласында қарулы күштердің орталық музейінде 1-ші шараны бастаған еді. Біз кеше ғана 64-ші шараны Шымкент қаласы бойынша атқарып өттік»

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – халқымыздың тарихындағы маңызды мереке. Сондықтан да, биыл Ұлы Отан соғысының батырлары Бауыржан Момышұлының 115 жылдығы, Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы кең көлемде атап өтілмек.