Ешкім де ұмытылмайды

189

Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін қан майданға аттанған ардагерлеріміз аз қалды. Олардың ішінде туған елдің бір уыс топырағы бұйырмай ұрыс даласында қаза тапқандары қаншама. Сол отанына орала алмаған ұлдардың үнін және соғыстан аман-есен елге оралған ерлердің есімін бүгінгі ұрпаққа насихаттау үшін еңбек етіп жүрген санаулы жанның бірі – белгілі фотограф Мақсат Шағырбай. Ардагерлердің еселі еңбегін қадірлей білген жан батырлардың бүгінгі бейнесін таспалап жинаған фотосуреттерінен «Ешкім де ешқашан да ұмытылмайды» атты көрмесін өткізді.

Мақсат Шағырбай Ұлы Отан соғыс ардагерлерінің суретінен құралған көрмені алғаш рет өткен жылы қойды. Алдымен «Абай» саябағында 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні ел назарына ұсынған. «Ұлы Жеңіс – Ұрпаққа аманат» атты көрме кейін ұзақ уақыт бойына орталық саябақтың қақ ортасында тұрды. Қанша тұрса да ардагерлердің әжім торлаған бейнесі таспаланған суреттер көрушілерді жалықтырған жоқ. Керісінше, соғыс ардагерлеріміз жайлы жас буын білмегенін толықырды. Көрген жанға әсерін қалдырмай қоймайтын көрмені биыл да жүзеге асыруды алдына мақсат етіп қойған Мақсаттың көрмесі бұл жолы да келушілерді қайран қалдырды.

– Өткен жылы да «Ұлы Жеңіс күні» мерекесіне келген ардагерлердің суретінен қойған едім. Бұл біздің еліміздегі алғашқы ашық аспан астындағы көрме болды. Ал бұл жолы мүдем басқа суреттер. Мен биыл 25 ардагеріміздің үйіне барып ауыл-ауылды аралап арнайы суретке түсірдім. Рұқсаттарын да алдым. Ол жердегі мақсат – ол кісілерді тек қана 9 мамырда ғана еске алу емес екендігін көрсету еді. Олар әрқашан біздің жүрегімізде екендігін сезіндіру болды. Және ардагерлеріміздің күнделікті өмірінен тыныс-тіршілігінен сыр шертеттін кадрларды суретке түсіруге тырыстым. Сонымен қатар, батырларымыздың отбасы да көпшілікке қызық болары анық. Осылайша бұл жолғы көрмеде үлкен еңбек бар. Түсірілген қаншама фотолардың арасынан 40 суретті таңдап алып көрмеге қойдым.

Кәрінің де жастың да көңіліне бойлап, жанарларын жасқа шылаған фотокөрмеде 8 жылдан бері жылда Мақсаттың кадрына түскен екі атаның фотолары бар.

– Жылда екі атаны түсіріп жүрген едім ғой. Біреуі қазақ біреуі түрік. Қазақ атам Абылай Қазыбаев деген кісі. Мен бұл жолы сол атамның үйіне арнайы бардым. Әдеттегідей суретке түсірдім. Атамызға ол кісіні жылда түсіретіндігімді айттым. Ата қатты разы болып, батасын берді. Тіпті көрмеге келіп, өзінің суреттерін көріп, басқа да фотоларға бағасын беріп тамашалап қайтты. Сен түсірген кейіпкерлер өз суретін өзі тамашалау деген бір сөзбен айтқанда үлкен бақыт екен. Осының өзі маған үлкен құрмет. Ал түрік атамыздың есімі Әли Әскеров. Өкінішке қарай, ол кісі екі жалдан бері жүре алмай қалған. Әли ардагеріміздің де отбасында болып арнайы танысып, жылда фотоға түсіретінімді айтып батасын алып қайттым.

Мақсат Шағырбайдың айтуынша, өңірімізде бүгінде көзі тірі 54 ардагер бар. Қазіргі таңда оның 25-ін түсіріп үлгерген фотограф алдағы уақытта барлығының суретін естелікке қалдыруға ниетті.

– Биылғы көрмеге келген адамдардың көпшілігі өте риза. Біразы егер біздің атамыз аман болғанда, суреті осы жерде ілулі тұратын еді деп жылап жүр. Жалпы ардагерлеріміздің қалған саны 54 қана. Оның 25-ін түсірдім. Басқаларының арасында үлгермей қалғандарым және фотоға түскісі келмегені арасында қатты ауырып жатқандар болды. Мен әлі мұнымен тоқтап қалмаймын. Бұйырса, алдағы уақытта барлық ардагерлерді фотоға түсіремін деген ниетім бар. Келесі аптадан бастап 54 ардагердің ішінде үлгере алмай қалған ардагерлерімізді суретке түсірсем деген ойдамын. Биылғы жоспарым сол бәрінің фотосын жинау. Егер жоспарым сәтті жүзеге асып жатса, келесі жылы көрмеге қойсам деген тілегім бар. Осы кезде айтайын дегенім – ардагерлерімізді аралау барысында олардың арасында жалғыз немесе әйелі екеуі ғана тұратындарды көріп толқыдым. Тіпті көбінің жағдайы мәз емес. Осы жағдайға қатты қынжылдым. Батырларымызға тек қана 9 мамырда ғана емес үнемі көңіл бөлініп тұрса артық етпес еді.

Жанерке ХУМАР