Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Төтенше жағдайлар депаратменті мен коммуналдық қызметтердің Шымкенттегі ықтимал су тасқынына дайындығын тексерді. Жұмыс сапарымен келген вице-премьер жылу желілері мен басқа да коммуналдық қызметтерді жаңғырту жоспарларымен танысты. Қанат Бозымбаев мегаполистің өрт сөндіру бөлімшелерінің жұмыс барысын бақылады. Таныстырылым үшін тіпті бір көлік өртенді.
Шымкентте бір көлікті жалын шарпыды. Бірақ зардап шеккендер жоқ. Өйткені, бұл жаттығу макеті. Осылайша, Шымкенттің өрт сөндірушілері өздерінің жұмыс істеу жылдамдығын көрсетті. 10 минутта орындау керек тапсырманы жасау үшін оларға тек 5 минут жеткілікті.
Алайда, тек өртке ғана емес, көктемгі су тасқыны қауіпіне де дайындық қажет. Қанат Бозымбаевқа құтқару техникасы — 30-дан астам қайық пен мотопомпалар, дрондар, сондай-ақ төтенше жағдайлардың салдарын жоюға арналған жабдықтар көрсетілді.
Жамбыл Жабаев, Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары: «Ақпан айында жауын-шашынның орташа мөлшері күтіледі, бірақ наурыз айында нормадан асу туралы болжам бар«.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары: «Барлық жағалауды нығайту жұмыстары аяқталуға тиіс, дайындық – жүз пайыз. Барлық техника толық жарамды болуы керек«.
Шымкентте су басу қаупі жоғары 20 аймақ бар. Бұл аумақтарда каналдарды тазарту және суару жүйесін реттеу жұмыстары жүргізілді. Шағын өзендерде жағалауды нығайту жұмыстары толығымен аяқталды. Оқу-жаттығу барысында Шымкент қаласының барлық қызметтері көктемгі маусымға толық дайындығын, сондай-ақ міндеттерді шешуде үйлесімді жұмыс пен жеделдікті көрсетті.