HR Enbek еңбек ресурстары порталында «Қызметкердің жеке ісі» сервисінде жұмысқа орналасу үшін қажетті медициналық кітапша қолжетімді болды. Құжат азаматтар үшін «Жеке медициналық кітапшалар» бөлімінде, сондай-ақ жұмыс берушілер үшін қызметкерлердің келісімін ала отырып, сұрау салу арқылы қол жетімді, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жеке медициналық кітапшалардың (санитарлық кітапшалардың) электрондық форматын енгізді.
Электрондық жүйе қызметкерлердің 15 санатын қамтиды, оның ішінде қоғамдық тамақтану, дәріханалар, санаторий қызметкерлері, сондай-ақ қызмет көрсету саласының жұмыскерлері мен медициналық персонал бар. Бұл санаттар үшін тұрақты физикалық тексерулер жылына бір рет немесе алты айда бір рет өткізіледі.
Бұдан кейін санитарлық кітапшаның электрондық нұсқасы HR Enbek порталына енгізілді, бұл жұмыс істеу үшін тұрақты медициналық тексеруден өтуді қажет ететін азаматтардың жұмысқа орналасуын жеңілдетуге тиіс.
Жеке тұлғаның үшінші тұлғаларға беру үшін дербес деректерді өңдеуге келісімі мобильді азаматтар базасында тіркелген қызметкердің нөміріне SMS жіберу арқылы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің дербес деректеріне қол жеткізуді бақылау сервисімен жүзеге асырылады. Сондай-ақ, бұл келісу HR Enbek порталында немесе AppStore және GooglePlay арқылы жүктеуге болатын мобильді қосымшасында ЭЦҚ көмегімен беріледі.
Кадрлық қамтамасыз етудің ақпараттық жүйелері бар жұмыс берушілерге Smart Bridge арқылы «Қызметкердің жеке ісі» тегін сервисіне қосылу мүмкіндігі беріледі.
«Қызметкердің жеке ісі» сервисі HR Enbek порталында 2022 жылы іске қосылған және жұмыс берушіге қызметкердің келісімімен жеке куәліктен, білімі, жұмыс тәжірибесі, фото, медициналық анықтамалар және т. б. ақпарат сияқты дербес деректерге қол жеткізуге мүмкіндік беру арқылы әңгімелесу және жұмысқа орналастыру процестерін жеңілдетуге бағытталған.